«Қазпошта» ұлттық операторы сатылғалы жатыр
Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлім етті
Қазақстандағы пошта қызметінің ұлттық операторы «Қазпошта» АҚ сатылымға шықты. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының кеңесшілері компанияны тікелей атаулы сатуды ұсынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазпоштаның» сатылатыны Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында белгілі болды.
«Келесі компания - «Қазпошта«. Осы жылдардың ішінде Қор компанияға 28 млрд теңге инвестиция бағыттады. Шалғай аудандардағы желілерінде 8 млрд теңге шығыны бар. Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін субсидия 4,2 млрд теңгені құрайды. Сондықтан кеңесшілер тікелей атаулы сатуды ұсынады», - дейді «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Ахметжан Есімов атап өткендей, компанияны сатып аламын деген инвесторлар бар. «Әрине, бұл жұмыстар да оңай емес. Дегенмен, мақұлданған жағдайда біз оны барынша табысты жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын»,- деді Ахметжан Есімов.