Қаңтар-сәуір айларында қазақстандықтар шетелге ақша жіберуді азайтқан
Осы уақыт аралығында Қазақстаннан шыққан және Қазақстанға аударылған ақша көлемі 246 млрд теңгеге жеткен

Қаңтар-сәуір аралығында халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы Қазақстанға немесе Қазақстаннан 246,2 млрд теңгені аударылған немесе 1,2 млн транзакция жасалған, деп жазады TengeOnline телеграмм арнасының сарапшылары.
Салыстырмалы түрде қарасақ, биылғы ақша аударым көлемі 2019 жылмен салыстырғанда, 18,2% аз.
«Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша аударымдарының көлемі 12,5%, шетелден Қазақстанға келген аударымдар 30,7% азайған. Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша аударымдарының басым бөлігі Ресей Федерациясына (35,5%), Өзбекстанға (18,8%), Түркияға (16,8%) және Қырғызстанға (12,3%) кеткен», деп жазады телеграмм канал.
Ал, шетелден Қазақстанға келген ақша аударымдарының басым бөлігі Ресей Федерациясынан (27,7%), Оңтүстік Кореядан (20,2%), Қырғызстаннан (12,3%) және Өзбекстаннан болған.
2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 6 халықаралық ақша аудару жүйесі жұмыс істейді: «Золотая корона», Western Union, ЮНИСТРИМ, Contact, Faster, MoneyGram.