$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.05.2020, 13:46
Экономика

Сәуірдегі ОПЕК+ келісімі экономикаға оң әсерін тигізді – Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасының орынбасары пандемияның әлемдік нарыққа әсері туралы айтты

Сәуірдегі ОПЕК+ келісімі экономикаға оң әсерін тигізді – Ұлттық банк
фото: nationalbank.kz

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 2020 жылдың сәуіріндегі валюта нарығындағы ахуал туралы түсіндірді. Ол ең алдымен пандемияның әлемдік нарыққа әсері туралы айтты.

«СOVID-19 вирусының таралу ауқымы, мұнай бағасының төмендеуі, қаржы активтеріне баға белгілеудің жаһандық деңгейде құлдырауы сияқты жағдайлар наурызда жаһандық нарықты дүрбелең алып келгенін атап өткенмін. Дегенмен, наурыздың соңында - сәуірдің басында ахуалдың біртіндеп тұрақтанғанын байқадық. Дамыған елдердің орталық банктері мен фискалдық органдары сәуірде бұрын-соңды болмаған экономиканы ынталандыру шараларын қабылдауды жалғастырды, өйткені сарапшылардың болжамдары бойынша коронавирустың әсері 2008-2009 жылдардағы дағдарыстың салдарынан асып түсуі мүмкін», - деп бастады ол.

Әлия Молдабекова сәуір басында болған ОПЕК+ келісімі оң әсер еткенін айтты.

«Сәуірдің басында ОПЕК+ елдері арасында мұнай өндіруді күніне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы уағдаластыққа қол жеткізу біз үшін оң өзгеріс болды, бұл уақытша болса да, мұнайға баға белгілеуді қалпына келтірді. Мұнайдың бір баррелі үшін 19-34 АҚШ доллары аралығында саудаланды. Наурызда акция нарығы орташа алғанда 11-12%-ға өсті. Экономикасы дамушы елдердің валюталары нығаюды көрсетті», - деді ол.

Ұлттық банк басшысының орынбасары жаһандық нарықтарда болған оқиғалардың Қазақстанның ішкі валюта нарығына әсері туралы да айтты.  

«Жалпы алғанда, наурыздағы және сол кездегі күткен өзгерістермен салыстырғанда ішкі валюта нарығы тұрақтанды. ОПЕК+ елдері сәуірдің басында уағдаластыққа қол жеткізген соң теңге нығая бастады. Сәуірде біздің ұлттық валюта 447,67 теңгеден 424,57 теңгеге дейін 5,2%-ға нығайды. Соның арқасында шетел валютасына деген сұраныс төмендеді. Сәуірдің екінші жартысында мұнай нарығының құбылмалығына қарамастан айырбас бағамы орта есеппен шамамен 430 белгісінде бекіп, тұрақты болып қалды.

Карантин режимінде кәсіпорындар шектелген режимде жұмыс істеп, бұл шетел валютасына сұраныстың төмендеуіне, биржадағы сауда-саттық көлеміне әсер етті. Ағымдағы жылғы наурызбен салыстырғанда теңге-доллармен жасалатын валюталық сауда-саттық көлемі 3,46 млрд доллардан 1,72 млрд долларға дейін екі есе төмендеді», - деп жалғады.

Әлия Молдабекова Ұлттық банктің резервтері туралы да сөз етті. Айтуынша, алдын ала деректер бойынша, Ұлттық банк резервтерінің көлемі сәуір айында 30,5 млрд долларға дейін, яғни 720 млн долларға ұлғайды.

«Резервтердің өсуіне алтын бағасының бір унция үшін 1605 доллардан 1717 долларға дейін қымбаттауынан болды, осының арқасында алтын резервінің өзі 1,1 млрд долларға ұлғайды. Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы шеңберінде оны бұдан әрі әртараптандыру мақсатында Ұлттық банк сәуірде Ұлттық қорға аффинирленген алтынды 250 млн АҚШ долларына сатты», - деді ол.

Ұлттық банк басшысының орынбасары Ұлттық қордың валюталық активтері туралы да баяндады.

«Шынында, наурызда байқалған нарықтағы құлдырау Ұлттық қор активтерінің төмендеуіне алып келді. Алайда сәуірде акциялар нарығын ішінара қалпына келтіру, сондай-ақ алтын портфелі мен облигация портфелінің оң кіріс есебінен Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 1,5 млрд долларды құрады.

Бұл ретте, республикалық бюджеттің қажеттілігін қанағаттандыру үшін сәуірде Ұлттық қордан 706 млрд теңге сомасына трансферттер бөлінді. Валюта нарығында трансферттерді бөлу мақсатында 817,5 млн доллар сомасына валюталық активтер сатылды, ол 355 млрд теңгеге балама», - деді ол.

Әлия Молдабекова ішкі валюта нарығындағы болашағы туралы сөз етті.

«Қазір бұрынғыдай емес, болжам жасау қиын. Мұнай бағасы мен саудадағы әріптес елдері бағамдары ішкі валюта нарығы үшін айқындаушы факторлардың бірі. Сәуір айының соңынан бастап біз ҚХР мен АҚШ-та отын сұранысы өсуінің алғашқы белгілері аясында бағаның қымбат белгіленгенін байқадық. Бірақ, көп нәрсеге коронавирус пандемиясына байланысты. Біз әдеттегідей әлемдік қаржы нарығындағы үрдістерді бақылап, әрі талдап отырмыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары