ОПЕК+ қайта оралды: Мәскеу мен Эр-Рияд мұнай өндірісін азайтуға келісті

Келісімге алғаш рет АҚШ қосылды

ОПЕК+ қайта оралды: Мәскеу мен Эр-Рияд мұнай өндірісін азайтуға келісті

ОПЕК + елдері мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға келісті. Бұл туралы келіссөздер бейсенбіде шамамен 10 сағатқа созылып, демалыс күндері жалғасты. АҚШ алғаш рет қатпарлы мұнай арқасында әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі ретінде тарихи келісімге қосылды, деп жазады BBC.

«Біз ОПЕК + мүшелері мұнай өндірісін 2020 жылдың 1 мамырынан бастап күніне он миллион баррельге қысқарту туралы тарихи келісім жасағаны туралы жариялаймыз», - деп жазды Кувейттің мұнай министрі Халед әл-Фадил жексенбіде өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Сауд Арабиясы мен Ресей бейсенбі күні өткен келіссөздерде өндірісті қысқартуға өзара келісті. Әрқайсысы 2020 жылдың мамыр-маусымында өндірісті тәулігіне 2,5 миллион баррельге қысқартады. Содан кейін шектеулер біртіндеп жеңілдеуі керек.

Оқи отырыңыз: Brent «тағдыры» 10 сәуірде шешілуі мүмкін - Bloomberg

Алайда, ол күні келісім жасалмады. Өйткені, Мексикаға өндірісті тәулігіне 400 мың баррельге азайту туралы ұсыныс айтылған, ол тек 100 мың баррельге қысқартуға дайын екенін мәлімеді. Осы тұста АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздерге араласып, АҚШ өндірісті тәулігіне 250 мың баррельге азайтатын айтты. Яғни, бұл Мексиканың артық өндірісін жабады.

Жаңа келісім мұнай бағасының күрт өсуіне әкеледі деп күтіледі. Келіссөздер коронавирусқа байланысты қашықтан телекөпір арқылы өтті.

РЕСЕЙ МЕН САУД АРАБИЯСЫ НЕГЕ ДАУЛАСТЫ

2016 жылдың соңында Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына (ОПЕК) мүше елдер және басқа да мұнай өндіруші елдер, соның ішінде Ресей бағаны ұстап тұру үшін мұнай өндірісін қысқартуға келісті.

ОПЕК + деп атаған одақ мүшелері үнемі кездесіп, өндірісті қосымша қысқарту қажеттілігін талқылап жүрді.

Сауд Арабиясы бастаған ОПЕК 2020 жылы наурызда коронавирус кезінде сұраныстың азаюына байланысты, бағаны ұстап тұру үшін, өндірісті қосымша 1,5 миллион баррельге қысқартуды ұсынды.

Ресей одан үзілді-кесілді бас тартты. Бұған жауап ретінде ОПЕК 1 сәуірден бастап, бұған дейін қол жеткізілген барлық келісімді ұзартудан бас тартты.

Сөйтіп, Сауд Арабиясы өз клиенттеріне үлкен жеңілдіктер жасады. БАҚ мұнай нарығындағы «баға соғысы» басталғаны туралы айта бастады.

Сарапшылар мен ақпарат құралдары Ресейдің өндірісті одан әрі қысқартудан бас тартуының себебі «Роснефть» басшысы Игорь Сечиннің ұстанымы деп санайды. Ол бұл келісімге қарсы шықты, өйткені америкалық қатпарлы мұнай компаниялары одан пайда көреді. Яғни, ешбір ұйымға мүше емес АҚШ шектеусіз өндіре береді деп санаған. «Роснефть» өкілі Михаил Леонтьев компания бұл келісімді Ресей үшін тиімсіз деп санайтынын ресми растады.

Текетірес кесірінен 4 наурызда 51 доллар болған Brent бағасы 9 наурызда 32 долларға дейін түстіі.

Наурызда коронавирус өршіп, Еуропада және АҚШ-та әуе қатынасы күрт төмендеді, көптеген елдерде карантин жарияланды. Айдың соңында Brent фьючерстері 25 долларға құлдырады.

Ресейлік Urals маркалы мұнай бағасы барреліне 10 долларға түсті.

АҚШ пен ОПЕК +

АҚШ-тың  бұл келісімге қосылуы басынан үлкен сұрақ туғызды. Бұған дейін америкалық мұнай компаниялары мұндай келісімдерге ешқашан қатысқан емес.

6 сәуірде АҚШ Энергетика министрі Дэн Брюйт бағаның құлдырауына байланысты Америка қазірдің өзінде өндірісті қысқартып жатыр деп мәлімдеді. Сәуір айында елдегі мұнай өндірісін 11% -ға, тәулігіне 11,76 млн баррельге дейін түсірді.

АҚШ-тың келісімге қосылуы Путин үшін принципті мәселе, деп жазады Bloomberg, дереккөздерге сілтеме жасап. Кремль үшін АҚШ-тың келісімге қатысатынын ресми растайтыны және өндірісті қысқартуға міндеттеме қабылдағаны маңызды, деп хабарлады агенттік.

Дереккөздің айтуынша, өндірісті азайтуға АҚШ-ты тарту Ресей үшін, жеңілу емес, жеңіс ретінде бағалану керек.  Бір ай бұрын мінез көрсетіп, шорт кеткен одаққа қайта оралуға мүмкіндік береді, нәтижесінде Путин беделін сақтап қалады. Сонымен қатар, Мәскеу Америкадан басқа жеңілдіктер алуға үмітті, оның ішінде түрлі санкциялардан босату да бар екені айтылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.