Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

Brent «тағдыры» 10 сәуірде шешілуі мүмкін - Bloomberg

Мұнай бағасы Ресей мен Сауд Арабиясы мәмілеге келгенше құлдырай береді

Мұнай өндіруді қысқарту туралы ОПЕК + келісімі биыл 1 сәуірде тоқтады. Мұнайға деген сұраныс қаңтарда коронавирус тараған бетте төмендеген. Ресейдің Урал маркасы 1999 жылғы деңгейге түсіп, бір ай ішінде ол 50 доллардан 13 долларға дейін құлдырады. Бұл уақытта Brent 25-26 долларға дейін түсті.

6 наурызда өткен ОПЕК + қатысушыларының соңғы жиналысында тараптар келісімді ұзарту туралы ортақ мәмілеге келе алмады, өйткені Ресей өндірісті қысқартудан бас тартты, ал Сауд Арабиясы сұраныстың төмендеуіне байланысты өндіріс көлемін азайтуды талап етті.

«Ресей мен Сауд Арабиясы дүйсенбі, 6 сәуірде бейнеконференция форматында кездесуі керек еді, бірақ ол бейсенбі, 9 сәуірге ауыстырылды»,- деп жазады агенттік.

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің твиттерінде қазіргі жағдайда мәмілеге келмеу мүмкін емес деп жазған соң, «қара алтын» бағасы  сәл өскен. Бүгін Brent баррелі $33, WTI $26 шамасында саудаланып жатыр.

Алайда, Bloomberg ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Ресей мен Сауд Арабиясы мұнай өндіруді қысқарту туралы өзара келісе алмайтындығын мәлімдеді.

Агенттіктің хабарлауынша, тараптар АҚШ-тың келісімге қосылуын қалайды. Bloomberg G20 энергетика министрлерінің кездесуі 10 сәуірде, жұмада өткізілуі мүмкін екенін, онда Америка Құрама Штаттары өндірісті қысқарту туралы келісім жасауға тырысады деп жазады. Бұл келіссөздердің мақсаты - мұнай өндірісін 10 пайызға төмендету.

Дегенмен, АҚШ президенті Дональд Трамп әзірге мұнай өндірісін азайтуға дайын екендерін айтпады. Сенбіде Ақ үйде өткен брифингте ол  өмір бойы ОПЕК-ке қарсы болғанын мәлімдеді және оны картель әлде монополия деп сипаттады.

 «Мен ОПЕК-ке мән бермеймін»,- деді ол.

Ол сонымен бірге АҚШ-та жұмыс орындарын сақтау үшін импортталатын мұнайға баж салығын енгізуге дайын екенін мәлімдеді.

Ал 3 сәуірде мұнай компанияларының басшыларымен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин егер ОПЕК пен АҚШ оған қосылса, Ресей мұнай өндірісін тәулігіне 10 млн баррельге азайтуға дайын екенін мәлімдеді.