Қай салықтан босатқан дұрыс: ШОБ өкілдері Президентке үндеу жолдады
Бастамашылар 4000 кәсіпкер арасында талдау жасаған
Үндеуді шағын және орта бизнес өкілдері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бірігіп жолдаған. Біздің редакцияға жолданған хатта кәсіпкерлер Президенттің «Экономиканы тұрақтандыру шаралары туралы» 16 наурыз 2020 жылға № 287 Жарлығы аясында қабылданған шешімдерді қолдау отырып, кәсіп иелеріне барлық ауыртпалықтың түсіп отырғанын айтады. Бастамашылар 4000 кәсіпкер мен ҮЕҰ мамандары арасында сауалнама жүргізіп, олардың Төтенше жағдай кезеңіндегі жағдайларына талдау жасаған.
«Кәсіп иелерінде 2019 жылдың салықтық төлемдеріне деп ұстап отырған қаражаттар бар екені рас. Ал ТЖ-ға орай шегерілген уақыттың салықтық соммаларын бәрібір үш айдан кейін төлеуге тура келетінін ескерсек, қазіргі қолда бар қаржыны сәуір айындағы еңбекақыны жабуға мүмкіндік болады. Ал пандемияға байланысты жағдай қалпына келгенде бірден салықтарды жауып тастауға ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл өз кезегінде көптеген ШОБ-тың банкроттығына жол ашады. Иә, мемлекет жеке табыс салығын төлеуден босатты. Алайда бұл 2020 жылдың еншісінде, қалыптасып отырған жағдайға байланысты онсыз да табыс түспеген соң, табыс салығын да төлеудің қажеті шамалы», - делінген үндеуде.
Ұжымдық хатта кәсіпкерлер 2019 жылға төленуі тиіс салықтан да жеңілдіктер жасауды сұрайды. Осылайша үнемделген қаражатты Еңбекақы төлеу қорына жұмсауға болатынын айтады.
«Президент жарлығына сәйкес Үкімет бірнеше қаулы қабылдады. Бірақ сол құжаттың маңыздылығын түсіндіріп, кәсіпкерлер арасында насихат жүргізу жағы да кемшін болып тұр. Үш айдан соң барлық салықтық төлемдерді бір мезетте құятын кезең келгенде, қандай қадамдар жасаған дұрыс? Бизнесмендер осыған орай шыққан қаулы бойынша әртүрлі пікірлер айтып жатыр. Ендеше өкілетті органдар кәсіпкерлермен онлайн түрінде болса да кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру шараларын қолға алсын деп сұраймыз. Қалыптасқан жағдайға шынайы баға беріп, қордаланған сұрақтарға жауап беруін қалаймыз. Біз бұл коронавируспен бірге келген дағдарыстан бірге шығамыз. Біз мемлекеттің бұған дейін де қолдауын көргенбіз. Алдағы уақытта да қолдайды деп сенеміз», - дейді кәсіп иелерінің атынан хат жолдаған «Налоги Казахстан» қауымдастығының өкілі Екатерина Ким.