$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2020, 10:07
Экономика

Әлемде жұмыссыздар саны күрт артты

АҚШ-та әлеуметтік көмекке өтініш бергендердің саны 6,6 млн адамға жеткен

Әлемде жұмыссыздар саны күрт артты
Фото ашық дереккөзден

Коронавирус инфекциясы әлемге тарап, ДДСҰ пандемия жариялағаннан кейін әлемдік экономика күрт құлдырады. Дамыған батыс елдерінде дағдарыс басталды. АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп, 10%-дан асады деп күтіліп отыр. Өткен аптада жұмыссыз қалып, әлеуметтік көмекке өтініш бергендердің саны 6,6 млн болды.

Сондықтан америкалықтардың анкетасын қабылдап жатқан сайттардың көбі кірушілер саны әдеттегіден асып кеткендіктен, істен шығып жатыр. Бейсенбі күні Washington Post газеті Нью-Йорк, Пенсильвания, Мичиган және Флорида штаттарының онлайн жүйелері жәрдемақыға өтініштерді қабылдауға мүлдем дайын болмағанын жазды. Мысалы, өткен аптада Нью-Йорктің еңбек департаментіне 3,4 млн өтініш пен 8,2 млн қоңырау түскен.

Ал Сингапур мемлекетінде халық табысынан жоғалтуына байланысты жәрдемақыға қол жеткізу үшін әлеуметтік қызмет кеңселерінде жаппай кезекке тұрып жатыр. Себебі, елдің Әлеуметтік даму және отбасы министрлігі табысы кем дегенде, 30%-ға азайған азаматтарға 500 АҚШ долларын тағайындаған. Бірақ шын мұқтаждар мен табысы әлі де жеткілікті азаматтарды ажырату Сингапурға да қиындық туғызуда.

«Бізде жалданып емес, отбасылық бизнеспен айналысатындар бар. Олардың COVID-19 вирусы әсерінен зардап шегіп, тапсырыстары азайғанын дәлелдеу қиын. Тиісті құжаттары жоқ. Сонымен бірге, дайын жұмысқа шақырса да, бармай, жұмыс жоқ деп көмекке жүгінетіндер жеткілікті. Сондықтан қазір қиын мәселенің бірі – азаматтардың қаржылық жағдайын тексеру болып тұр», - деді бұл туралы Today Online сайтына сұхбат берген Pasir Ris-Punggol округінің Парламенттегі өкілі Зайнал Сапари.

Азаматтар өтініші 3 күн ішінде қаралады. Егер адамдар жұмысқа орналасу туралы жауапкершілікті мойнына алса, 800 доллар грант алуға да мүмкіндігі бар.

Коронавирустан ең қатты зардап шеккен елдердің бірі – Италияда осы аптада жұмыссыздардан өтініш қабылдайтын портал іске қосылып, екі сағат ішінде істен шығып қалған. Бірақ елде нақты қанша адам жұмысын жоғалтқаны белгісіз.

World Socialist Web Site порталы жалпы Еуропада орташа статистика бойынша соңғы екі аптада 11 млн адам жұмыстан шығып қалғанын жазады. Германияда 470 000 компания мемлекеттен субсидия сұраған. Ол елде 2 млн адам, Францияда 4 млн адам жұмыстан кеткен. Испанияда бұл көрсеткіш 1 млн-ға жуықтаған.

Ұлыбританияда 1 млн азамат жұмысын жоғалтуына байланысты жәрдемақыға өтініш берді. Көп елдерде бұл қиындық 2008-2009 жылдардағы дағдарыстың әсерінен бірнеше есе күшті екені білінуде.

Қазақстанда қазір табысынан айрылған азаматтарға көмектесетін екі сайт жұмыс істеп тұр. Бірақ оларға да өтініш берушілер саны күрт артқандықтан, қайта-қайта істен шығуда. Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 450 мың азамат 42 500 теңге жәрдемақы алуға өтініш беріп, 76 мың азамат төлемді тағайындау туралы SMS хабарлама алғанын хабарлады. Ақша 60 мың адамға түсіпті.

Серіктес жаңалықтары