Коронавирус кесірінен отандық әуе компаниялары 235 млрд теңге табыстан қағылды
Қазіргі уақытта ел аумағында тұрақты әуе қатынасы жоқ
Мемлекеттік комиссияның шешімдеріне сәйкес, Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында бүгінгі күні 97 халықаралық бағыттар бойынша аптасына 438 рейс (442-ден 4 жиілікке дейін) немесе барлық халықаралық рейстердің 99%-ы қысқартылды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды.
«Егер 2020 жылдың 22 наурызына дейін 45 ішкі бағытта аптасына 540 рейс (тәулігіне 77 рейс) орындалса, 2020 жылдың 2 сәуірінен бастап Қазақстан қалалары арасындағы барлық ішкі тұрақты рейстер тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) болжамына сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында әуе компаниялары ұсынатын орындар саны 51% қысқарады, сондай-ақ тасымалданған жолаушылар саны 500 миллионға азаяды. Сонымен бірге әуе компанияларының операциялық шығындары 124 млрд АҚШ долларын құрайды.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) 2020 жылы жолаушылардан түсетін кірістің жоғалуын 252 млрд долларға бағалайды.
«2020 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда тасымалданатын жолаушылар саны 70% азайды. Ұшу рейстерінің қысқаруы мен шектелуінен отандық әуе компаниялары 235 млрд теңге, әуежайлар 24,5 млрд теңге, «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге жоғалтты»,- делінген министрліктің хабарламасында.
Қазақстандық тасымалдаушылар жабық әуежайлардан ғана емес, ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен де зардап шегуде.
Басқа салалармен қатар азаматтық авиация азаматтарды эвакуациялауға, гуманитарлық жүктерді тасымалдауға белсенді қатысуда, репатриация рейстерін ұйымдастыру кезінде авиация персоналдың қайсарлығын атап өту қажет.
«Бүгінгі таңда әуе тасымалы саласы мемлекеттік қолдау шараларын қажет етеді. Осы бағытта пандемия салдарын азайту және Қазақстанның азаматтық авиация саласын қалпына келтіруге дайындау үшін тиісті шаралар қабылдау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», - деп мәлімдеді мекеме.
Барлық халықаралық сарапшылар авиация тарихында осындай жағдай болмағанын айтады.