Сарапшылар базалық мөлшерлеменің төмендеуі жайлы пікір білдірді

Аягөз Құрмаш

Базалық мөлшерлеменің түсуі депозиттердің төмендеуіне алып келеді 

Сарапшылар базалық мөлшерлеменің төмендеуі жайлы пікір білдірді
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Қазақстанның қаржы саласының күн тәртібіндегі жаңалық Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 14,75 пайызға төмендеткені болды. Сарапшылар пайыздық мөлшерлеменің төмендеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме неге төмендегенін түсіндіріп берген еді. Оның айтуынша, бұл шешім қабылданар алдында нақты болжамдар ескерілді. 

«Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,75%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл шешімде нақты деректер мен жаңартылған болжамдар ескерілді. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің бағалауы да түзетілді. Жылдық инфляция баяулап келеді. Дегенмен оның баяулау қарқыны да төмендеді. Бұл біздің болжамымызбен сәйкеседі», - дейді Тимур Сүлейменов.

Қаңтар айында бағаның жылдық өсуі 9,5% деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы қаңтарда 8,2% болды. Бұл өткен айдағы көрсеткіштен төмен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық инфляциясы 8,6%-ке дейін төмендеді, бұл да 2023 жылғы желтоқсандағыдан төмен. Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозиттердің мөлшерлемесіне әсер ететінін айтты. 

«Базалық мөлшерлеменің төмендеуі біріншіден кредиттік ресурстарды тартуды төмендетеді. Сондай-ақ депозиттердің мөлшерлемелеріне де әсер етіп, олар да төмендейді. Олар шамамен 0,5 пайызға төмендеуі мүмкін», - деді Ұлттық банк төрағасы брифингте.

Қаңтар айында базалық мөлшерлеме 15,75 пайызға төмендеген болатын. Ол кезде  кәсіпкер Тимур Турлов Ұлттық банктің жұмыс істеу саясатын сынға алып, базалық мөлшерлемені біршама төмендету қажет екенін алға тартқан болатын. 

«Біздің экономикамыз жыл сайын 6-8% өсуі үшін бізге инвестиция қажет екені анық. Энергетика, деректер орталықтары, логистика, оның барлық көріністеріндегі байланыс, барлығын өндіру, цифрландыру. Бұл ақшаны қайдан алуға болады? Олар біздің елде бар ма? Әрине, ол бар. Ұлттық банк бірнеше триллион теңгені зарарсыздандырады, оларды банктерден жылдық ±15.75% алып тастайды. Өткен жылы банктер мен салымшылар шартты 1 - 1.16 млн-ға еш тәуекелсіз айналдырды, «Инфляциямен күресу» мақсатында. Салымшыларға биыл  ақша төлеп, ақшаларын жұмсамауға көндірейік. Бұл мәселені алға жылжытайық. Бірақ бұл жай ғана жалған байлық: егер банктер ештеңе жасамай байып кетсе, онда бұл ақшаның құнсыздануына әкеледі», - деген еді Турлов. 

Ол банктерге жұмыссыздық үшін төлеуді тоқтатып, мемлекеттік сатып алулардан басқа кез келген жобаларды өлтіретін мөлшерлемені едәуір төмендету қажетін айтқан болатын. 

«Адамдарға зейнетақы активтерін басқарушыларды өздері таңдауға және басқарушыларға ұлттық экономикаға еркін инвестиция салуға мүмкіндік беру қажет. Даму институттарына көбірек қаржы ресурстарын беріп, олардың жобаларды тікелей, сондай-ақ ЕДБ облигациялық қарыздары мен синдикатталған қарыздарына бірлесіп қатысу арқылы қаржыландыруға тәуекел-тәбетін арттыру керек. Ұлттық Банк басқарушы ретінде Қаржы министрлігін мемлекеттік қарыз үшін көбірек пайыз төлеуге мәжбүрлеу емес, экономиканы несиелеу арқылы тәуекелге қоюы керек», - деген болатын Турлов.

Экономист Мақсат Халық Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 0,5 пайызға түсіріп отырғаны неге алып келетінін айтты. Сарапшы Ұлттық банк төрағасы айтқан мәлімдемені растап отыр. 

«Бұл әжептәуір жақсы төмендету. Жалпы базалық мөлшерлеменің төмендеуіне куә болып жатырмыз. Бұл үрдіс депозиттердің пайыз түсіміне алып келеді. Сондай-ақ несиелердің пайызы да бірте-бірте төмендейді. Базалық пайыздық мөлшерлеменің халық үшін төмен болғаны жақсы. Себебі депозитте сақтайтын халықтан гөрі несие алатын азаматтар көп. Ол пайыздар жалпытұтынушылық несиеге ғана емес, ипотекалық несиелерге де әсер етеді. Демек, алдағы уақытта ипотекалық несиелер де қолжетімді болады деген сөз», - деді сарапшы.   

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.