Биыл азық-түлік бағасы қымбаттай ма – Тимур Сүлейменов жауап берді
Астық бағасының төмендеуі ұсыныстың артуына байланысты
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов биыл азық-түлік бағасы қандай болатынына болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, сыртқы секторда жаһандық инфляцияның баяулау үрдісі байқалып отыр.
«Бұл азық-түлік бағасының оң динамикасына, орталық банктердің тежеуші ақша-кредит саясатына және энергия бағасының төмендеуіне байланысты. Дегенмен инфляцияға қысым жасайтын жекелеген факторлар да сақталуда. Қант бағасының қалыпты өсуімен қатар дәнді дақылдар мен ет құнының арзандауына байланысты әлемдегі азық-түлік бағасы төмендеп келеді. Астық бағасының төмендеуі мол өнім алу нәтижесінде ұсыныстың артуына байланысты болды», - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, дамыған елдерде орталық банктер мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды.
«Бұл инфляцияның орнықты баяулауына қарай қауіптің болуына байланысты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодақтағы бағаның жылдық өсуі қараша айындағы ең төменгі деңгейге жеткен соң 3,4%-ке дейін біршама жеделдеді. Таргетті 2%-ке жеткізу үшін Еуропа Орталық банкінен ұзақ уақыт бойы жоғары пайыздық мөлшерлемелерді сақтауды қажет етеді. Осыған ұқсас жағдай АҚШ-та да байқалды. Онда инфляция әлі де орнықты. Федералды Резервтік Жүйе риторикасына сәйкес саясатты жұмсарту шарасы биыл басталуы мүмкін. Алайда реттеуші қажет болған жағдайда мөлшерлемелердің жоғары деңгейі ұзақ уақыт бойы сақталатынын мәлімдейді», - деді Тимур Сүлейменова.
ҰБ төрағасының айтуынша, Қытайда жылдық мәнде дефляция жалғасуда.
«Алайда осы жылғы қаңтарда айлық инфляция көрсеткішінде өсім тіркелді. Ресейде жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтар айында 7,4%-ті құрады. Негізгі фактор бұрынғысынша жоғары инфляциялық күтулер мен ішкі сұраныстың өсуі болып отыр. 2024 жылы инфляцияны орнына қайтару және оны Ресей Орталық Банкі таргетінің маңайында одан әрі тұрақтандыру – қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ кезең бойы ұстауды талап етеді.Біздің болжамымыз бойынша, әлемдік азық-түлік нарығында бағалар 2024 жылдың ортасына дейін біршама көтеріліп, кейін тұрақтанады және біртіндеп төмендейді», - деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, алғышарттар, бір жағынан, тасымалданатын тауарлардың құнына әсер ететін Қызыл және Қара теңіздегі ықтимал логистикалық мәселелердің тәуекелдерін білдіреді.
«Ал басқа жағынан 2024 жылғы маусымның соңында халықаралық ұйымдардың егін жинау болжамдары мен әлемдегі астық қорларының өсуі бойынша күтуін көрсетеді», - дейді Сүлейменов.