Сүлейменов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуінің себебін түсіндірді

Аягөз Құрмаш

Инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер әлі де жоғары

Сүлейменов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуінің себебін түсіндірді
Фото: ҚР Ұлттық банкі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында базалық мөлшерлеме неге төмендегенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,75%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл шешімде нақты деректер мен жаңартылған болжамдар ескерілді. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің бағалауы да түзетілді. Жылдық инфляция баяулап келеді. Дегенмен оның баяулау қарқыны да төмендеді. Бұл біздің болжамымызбен сәйкеседі», - дейді Сүлейменов.

Ол атағандай, инфляцияға қатысты халық күтулерінің үш ай қатарынан төмендеуі – оң сигнал.

«Алайда инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер әлі де жоғары. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды қажет етеді. Экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Олардың ішінде: тұтынушылық сұраныс, фискалдық ынталандыру және жоғары инфляциялық күтулер бар. Сыртқы ортада жаһандық инфляцияның баяулағаны сезіледі. Оған елдердің монетарлық саясаты және энергия көзі мен азық-түлік бағасының төмендеуі ықпал етуде. Кейбір аймақтардағы логистика мәселелері және Ресей мен Қытайдағы инфляцияның қарқын алуы алаңдаушылық туғызады», - деді ол.

Сүлейменовтың айтуынша, ішкі сұраныс көрсеткіштерінде, инфляциялық күтулерде байқалатын үрдістер, сондай-ақ бюджет саясаты параметрлеріндегі және сыртқы жағдайдағы белгісіздік ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді.

«Біздің басты міндетіміз – орта мерзімде инфляцияны 5%-ке дейін төмендету», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.