Петропавлда құны 1 млрд теңгені құрайтын зауыт құрылысы тоқтап қалды
Кірпіш зауытының құрылысы үшін бұған дейін 300 млн теңге жұмсалып үлгерген
Коронавирустың кесірінен Петропавл қаласында салынып жатқан кірпіш зауытының құрылысы тоқтап қалды. Кәсіпорын өндіріске қажетті қондырғыларды Қытайдан сатып алған. Алайда елімізде оның тілін білетін мамандар мүлде жоқ. Арнайы техниканы шетелдік өндіруші компания ғана іске қоса алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚЫТАЙЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫНЫ МОНТАЖДАЙТЫН МАМАН ЖОҚ
Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын жоқтың қасы. Қажетті тауарлар басқа өңірлерден тасымалданады. Петропавлда кірпіш зауытын ашу өткен жылы жоспарланған болатын. Қаржы тапшылығына байланысты бұл жұмыс кешеуілдеген еді. Енді коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілуімен кірпіш зауытының ашылуы тағы да белгісіз мерзімге дейін шегеріліп отыр.
«Құрылыс алаңын дайындап қойдық. Қиыршық тас төседік. Жоспар бойынша көктемде жұмысты бастамақ едік. Қытайдан арнайы қондырғылар жеткізілді. Техниканы сатып алуға 270 млн теңге жұмсалған болатын. Енді бар нәрсені пайдалана алмай отырмыз. Қытайлықтар қондырғыларды сатқанымен, жобаларын көрсетейді. Өндірістік құпияны жариялағысы келмейді. Келісім бойынша техниканы бірнеше инженер келіп орнатуы тиіс болған. Жоспар жүзеге аспай қалса, басқа жолдарын іздеуге тура келеді. Бірақ қазіргі жағдайда оның шешімін табу оңай болмайтыны анық», - дейді «Кирпич СК» ЖШС қаржылық директоры Александр Недогарко.
ТЕҢГЕНІҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ ЖАҒДАЙДЫ УШЫҚТЫРЫП ЖІБЕРДІ
Жоспарға сәйкес, зауыт кірпіштің 4 түрін шығармақ. Кәсіпорынды қыркүйек айында іске қосу жоспарланған еді. Алайда коронавирус пандемиясы жоспарды өзгертіп жіберді.
«Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар. Қолдау болатынын жеткізді. Алайда, қазіргі жағдайда бізге ешкім де көмектесе алмайды. Бар қаражатымызды зауыт құрылысына құйып жатырмыз. Бұған дейін 300 млн теңге жұмсалды. Әлі де шығындарымыз бар. Жобаның жалпы құны - 1 млрд теңге еді. Бұл сома ұлғаятыны сөзсіз. Құрылыс материалдарын алу керек. Доллар бағамының күрт өсуі де жағдайды ушықтырып жіберді», - дейді Александр Недогарко.
Жоспар бойынша өндіріс орны тәулігіне 150 мың дана кірпіш шығаруы керек. Кәсіпорын басшылығы облыстағы ішкі сұранысты толықтай қамтамасыз етуді көздеп отыр. Алайда, оның қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз.
СҚО – БАСПАНА БАҒАСЫ ЖОҒАРЫ ӨҢІРЛЕРДІҢ БІРІ
Биыл теріскейде жалпы аумағы 250 мың шаршы метрді құрайтын 2842 пәтер салу жоспарланған. Жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемі артып келе жатқанына қарамастан, Қызылжар баспана бағасы жоғары өңірлердің бірі. Оның басты себебі – құрылыс материалдарының қымбаттығы. Ал жалақы көлемі жөнінен Солтүстік Қазақстан облысы республика көлемінде ең соңғы орында.
«Ұлттық валюта бағамы өзгергеннен кейін құрылыс материалдарын сатып алған жоқпыз. Кірпішті бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Көкшетау қалаларынан жеткізіп келдік. Мәселен, ғимараттың ішкі бетін қалайтын кірпіштің ең арзаны (бір данасы – авт.) 72-75 теңге аралығында болды. Ал сыртқысы 100 теңгеден асады. Петропавл – баспана құны қымбат қала. Оның басты себебі - құрылыс материалдарының бағасының жоғары болуында. Бізде қарапайым қиыршық тас, құм мен цементтің өзі көршілес Көкшетаудан әлдеқайда қымбат. Сондықтан сырттан әкелеміз. Бұл монополистердің шаруасы. Қалаған бағасын қояды. Бәсеке жоқ», - дейді «Альфа-Север» құрылыс компаниясының директоры Александр Капустин.
Салынып жатқан зауыт өкілдері өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан бағаға саудаламақ.
«Зауыт Подгорное елдімекеніне жақын орналасқан. Сол жақта карьеріміз бар. Шикізат өзіміздікі. Әрі кірпіш жасауға қажетті материал тасымалы аз болады. Шығын айтарлықтай қысқарады. Құрылыс компаниялары өкілдері де алысқа бармайды. Бұл кірпіштің тасымалына кететін де шығынды айтарлықтай қысқартады. Кірпіш тез сынады. Сондықтан оны алыстан үлкен көлемде тасымалдау қиын. Әрі көлік логистикасының кедергілері бар. Осының барлығын ескерсек, өңірде кірпіш зауыты ашылса, құрылыс компаниялары үшін жақсы жаңалық болар еді», - дейді дейді «Кирпич СК» ЖШС қаржылық директоры Александр Недогарко.
ҚЫЗЫЛЖАР КІРПІШКЕ ЖАРЫМАЙ КЕЛЕДІ
Петропавлда бұған дейін бірнеше кірпіш зауыты ашылған еді. Өкінішке қарай, өндіріс орындарының ғұмыры қысқа болды. Затон станциясында жұмыс істеп келген өндіріс орны 1990 жылы жабылды. 2004 жылы кәсіпорын «Қызылжар кірпіш зауыты» атауымен қайта іске қосылды. Бастапқыда зауыт отқа төзімді 2,5 мың текше метр керамикалық кірпіш шығарды. Серіктестікте 50-ге жуық адам жұмыс істеді. Сол жылдары кәсіпорын облыс орталығында салынған нысандарды өз өнімдерімен қамтамасыз етті. Солтүстік Қазақстанға көршілес облыстардың кейбір құрылыс компаниялары да Петропавл кірпіштерін тасымалдады. Өндіріс орны бірер жыл жұмыс істеп, жабылып қалды.
2006 жылы Петропавл қаласында «Жансая» кірпіш зауыты ашылды. Жылына 20 млн дана кірпіш шығару жоспарланды. Өндіріс орны 20 мың кірпіш шығармастан жұмысын тоқтатты. 2014 жылы «Алаугаз СК» ЖШС ашылды. Оның да басшылығы шаруаны дөңгелете алмады.
Петропавлда талай кірпіш зауыты жұмсалған шығынды ақтамай түрлі себептермен жабылып тынды. Енді кезекті өндіріс орнының жұмысына коронавирус қолбайлау болып отыр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО