Биыл инфляция 11 және 14 пайыз аралығында болады - Ұлттық банк

Azattyq Rýhy

Инфляция өсімі немесе төмендеуі елдегі бағаға байланысты болмақ

Биыл инфляция 11 және 14 пайыз аралығында болады - Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов базалық ставкаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз базалық ставканы көтердік, қазір оны 16,75 деңгейінде ұстап отырмыз. Инфляция өсімінің шарықтау шегі биыл ақпанда тіркелді - 21,3 пайыз. Қазір ол біртіндеп төмендеп жатыр. Біз мамырда базалық ставканы жариялаған кезде халықаралық инфляция 15,9% төмендеді. Яғни, инфляция одан әрі төмендейді. Биыл инфляция 11 және 14 пайыз аралығында болады деп болжам жасап отырмыз», - деді Ақылжан Баймағамбетов Astana Finance Days конференциясы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына.

Оның айтуынша, инфляция өсімі немесе төмендеуі елдегі бағаға байланысты. Атап айтқанда, жанар-жағармай және коммуналдық қызмет бағасына.

«Біз базалық ставканың тікелей әсерімен күреспейміз. Бірақ инфляцияның қайталама әсеріне жол бермеуді мұқият қадағалаймыз. Яғни оның кең ауқымдағы тауарлар мен қызметтердің бағасына қалай әсер ететінін бақылауда ұстаймыз. Соның негізінде алдағы базалық ставкаға қатысты шешім қабылданады», - дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.