$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.02.2020, 10:53
Экономика

Мамин мен Есімов коронавирустың Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін айтты

Белді қаржы институттары 2020 жылы әлемдік экономика 2,8 пайызға құлдырайтынын болжайды

Бүгін «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры отандық өндірушілерді қолдаудың алғашқы форумын өткізіп жатыр. Шарада Премьер-министр Асқар Мамин, қор басшысы Ахметжан Есімов сөз сөйледі. Екеуі де әңгімесін коронавирустың экономикаға кері әсері жайында бастады.

«Дамыған елдердің өнеркәсіптік және сауда бойынша протекционизмдерін бақылай отырып, әлемдік экономиканың құбылмалы сипаты сақталып тұрғанын байқаймыз. Былтыр әлемдік сауданың өсу қарқыны 1 пайызға төмендеп, соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткішті көрсетті. Өкінішке қарай, әлемдік сауда және өнеркәсіптік процестерді тежеп тұрған басты фактордың бірі – коронавирус. Белді қаржы институттары 2020 жылы әлемдік экономика 2,8 пайызға құлдырайтынын болжайды. Бұл – 2009 жылғы қаржылық дағдарыстан кейінгі ең төменгі көрсеткіш», - деді Асқар Мамин форумның ашылуында.

Оның сөзінше, экономикалық өсімнің төмендеуі Қазақстанның барлық ірі әріптес елдерінде байқалуда. Сыртқы сұраныс азайғандықтан, ішкі, сыртқы нарықта бәсекелестік бұрынғыдан да артады. Сондықтан Қазақстанға ішкі өндіріс көлемін, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдау керек.

Ахметжан Есімов әлемдік экономикадағы дағдарыс Қазақстанды да айналып өтпейтінін атап өтті.

«Сіз әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты еліміздің алдында тұрған тапсырмаларды дұрыс атап өттіңіз. Елдер жабылып, нарық аясы тарылуда. Бұл біздің елдің де экономикасына әсер етеді. Осыған байланысты ішкі бизнесті дамыту маңызды екені сөзсіз», - деді ол.

Қор басшысы «Самұрық Қазына» енді отандық компаниялармен оффтейк, яғни ұзақ мерзімді келісімшарттарды көбейтпек. Осылайша, елдің ірі корпорациялары мен шағын өндірушілер біріксе ғана, экономикалық қиындықтан шығуға болатынын айтады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары