«Күлкілі»: БЖЗҚ активтерінің бір жылғы кірісі 1,17%
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 10 трлн 700 млрд теңге
Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыстардың 2019 жылғы желтоқсандағы көрсеткіштерін жария етті. Бас қаржы реттеушінің таратқан ақпараттық хабарламасында инвестициялық портфельді сақтау мен оның табысын арттыру бағытындағы жылдық мәліметтері де қоса жарияланған. Доңыз жылында Ұлттық банк жылдың орташа инфляция мөлшерін 5,4%-ға тұрақтағанын мәлімдеген еді. Өткен жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық кірісі 699,8 млрд теңге болған. Ал оны пайызға шаққанда бір жылдағы БЖЗҚ-ның табысы небәрі 1,17 пайыз.
Ондаған триллион теңгеге бағаланатын зейнетақы активтері үшін бұл табыстың мөлшері тым күлкілі. Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірген танымал сарапшылар осылай дейді.
Жалпы 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 10 трлн 700 млрд теңге. Оның 7 триллионы теңгемен (66,7%), ал қалған 3,5 триллионы шетел валютасымен (33,3%) сақтаулы. Теңгемен тұрған қаражатты инвестицияларға салу туралы шешімді жыл сайын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдап отырады.
Зейнетақы қоры бойынша сарапшы Айдар Әлібаев өткен жылдың табысы туралы көрсеткіштер тым аз екеніне қынжылады. Мұндай әлеуетті ірі компания үшін болмашы пайда табу миға қонымсыз. Бізде ресми инфляция 5 пайыз айналысында болса, елде ресми емес инфляцияның мөлшері 20 пайызға жуықтайды. Осындай жағдайда активтердің көлемінен небәрі 1,17 пайыз кіріс алу Қазақстан азаматтарына тиеселі қордың инвестициялық басқару жүйесіндегі тиімсіздікті көрсетеді. Бұл басқарудағы кәсіби біліктіліктің төмендігі, инвестициялық саясаттың бір жақты жүргізілуінен. БЖЗҚ активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға, квазисекторлық кәсіпорындарға, атап айтқанда «Самұрық Қазына» қарамағындағы мекемелерге, ұлттық компанияларға берілген. Экономист сондықтан табыстылық төмен дегенді айтты.
«Жағдайды өзгертуге болады. Қазір БЖЗҚ қорындағы қаражатты жеке зейнетақы қорларының басқаруына беру бастамасы талқыланып жатыр. Бұл позицияны қолдаймын. Әрине бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын бір күнде таратуға болмайды. Меніңше, бұл жағдайдан шығудың жолы- тезірек бәсекелестікті қалыптастыратын жеке қорларды іске қосу. Олар табысы төмен мемлекеттік бағалы қағаздарға емес, пайда табу үшін күресетін болады. БЖЗҚ сияқты монополисттік жүйе тұрғанда өзгеріс, табыс күту мүмкін емес»,- дейді Айдар Әлібаев.
Экономист Жарас Ахметов Ұлттық банктің 1,17 пайыз дегені инфляцияның сыртындағы табыс екені айтады. Формалдық тұрғыда бұл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын айыптауға негіз бола алмайды. Себебі басқарушы банкте де, зейнетақы қорында да теуекелге бел буып, қаржыны қайда болса, сонда салуға құқық жоқ. Бірақ, сарапшы былтырғы табыс мөлшері салыстармалы түрде аз екенін мойындайды.
«Зейнетақы қоры дегенде, оның бірінші қызметі активтердің сақталуын қаматамасыз ету. Мұны ұмытпау керек. БЖЗҚ қыруар қаржыны жоғалтып алудан қорқады. Сондықтан сенімді инструменттер іздейді. Егер қор тәуекелділігі басым, сенімсіз көрінетін құралдарды тауып, қаржы салса, шулап шыға келеміз. Қоғамда дау туады. Сондықтан олар сенімді инвестициялық көзерді іздейді. Олар әдетте табыстылығы төмен мемлекеттік компаниялар мен шетелдің орталық банктеріне активтерін сеніп тапсырады. Олар басқа тәуекелдерге бара алмайды»,- дейді сарапшы.
Теңгемен инвестиция салған компаниялар арасында ҚР Қаржы министрлігі, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, Еуропа қайта құру және даму банкі, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ сияқты мекемелер бар.
Ұлттық банк өткен бір айда инвестициялық табыс бойынша облигацияларды сатып алған жергілікті компаниялардан тыс шетел валютасымен активтерді алған инвесторлардың да тізімін жария етті. Шетел валютасындағы инвестициялар 2019 жылғы желтоқсанда 23,2 млрд теңге болған.
«Шетел валютасында активтерді инветициялау АҚШ, Бразилия, Индонезия және Мексика елдерінің мемлекеттік орталық банктеріне жасалған. Оның жалпы көлемі 130,1 млрд теңге. Одан тыс Ресей Федерациясының банктеріне жылдық мөлшерлемесі 3,0%-бен кірісі 20,9 млрд теңге, Филиппин Республикасының банктеріне жылдық 2,1% мөлшерлемесі, ал кірістілігі 2,3 млрд теңге болатын қаржы құйылған. Бұл активтер рейтингісі «А»-дан төмен емес шетелдік банктердің қысқа мерзімді депозиттеріне орналастырылды»,- делінген ҰБ хабарламасында.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы