$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.01.2020, 18:19
Экономика

ТШО-ны кеңейту жобасына қатысқан McDermott International компаниясы банкротқа ұшырады

Компания ірі халықаралық жобаларға қатысқандықтан қаржылық қиындықтарға тап болған

ТШО-ны кеңейту жобасына қатысқан McDermott International компаниясы  банкротқа ұшырады

Энергетика саласына арналған инженерлік және құрылыс қызметтерінің провайдері 4,6 миллиард доллар қарызды алып тастайтын қайта құрылымдау аясында банкроттық туралы өтініш берген соң, McDermott International Inc. MDR акциялары 15 пайызға құлдырап кеткен. Бір жыл ішінде компания капиталының 92,07% жоғалтқан. Бұл туралы «Қазсервис» мұнай-сервистік компаниялар одағы хабарлайды.

«Берешекті қайта құрылымдау жоспары аясында McDermott өзінің Lummus Technology бөлімін  (ең алдыңғы қатарлы мұнайхимиялық технологиялары бар және Атырау облысындағы қазақстандық мұнай-химия жобасына технологияларды жеткізушілердің бірі) сатуға ниетті. Компанияға 2,73 миллиард долларға бағаланатын бұл бизнесті сатып алу туралы ұсыныс келіп түсті, сатудан түскен қаражат DIP қаржыландыруын толық өтеуге жұмсалады»,- делінген одақ таратқан хабарламада.

Өзін банкрот деп жариялаған McDermott  Қазақстанда «Теңізшевройл» компаниясымен бірге жұмыс істейді және «Teniz» жобаларын одан әрі кеңейту мақсатында 9 ірі мұнай резервуарының құрылысына қатысқан.

«2008-2010 жылдары McDermott еншілес кәсіпорны Каспий теңізінің Түпқараған шығанағында металлургия зауытын салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлады, ол үшін қазақстандық «TenizService» компаниясы ондаған миллион долларға орындар дайындады. Алайда, бұл жобаны McDermott ақыры жүзеге асырмады. Салдарынан «TenizService» айтарлықтай шығындарға ұшырады. Бүгінде  жалпы ауданы 19,8 га құрайтын аумақ бос тұр», деп хабарлады «ҚазСервис».

Айта кетсек, TenizService-тің 49% акциясы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-қа, 51% акциясы Waterford International Holdings Ltd-ге тиесілі.  Ол қазақстандық ірі кәсіпкер Айдан Кәрібжановтың иелігінде.

Ришат Асқарбек, Алматы 

Серіктес жаңалықтары