Ломбардтар несие тарихын тексереді: шағын қаржы ұйымдары өзгеріске дайын болмай шықты

Барлық несие беретін шағын ұйымдар бақылауға алынады

Ломбардтар несие тарихын тексереді: шағын қаржы ұйымдары өзгеріске дайын болмай шықты

Жаңа жылдан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын және микроқаржыландыру қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Бұдан былай  ломбардтар, онлайн неси беру ұйымдары, шағын несие бірлестіктерінен кредит алсаңыз, несиебаяныңыз тексеріледі.    

Тұтынушылық несиелер портфелінің бейберекет өсуі заңмен реттеу керектігі қоғамда талқылана бастағанда, заң шығарушы орган оны қабылданып та үлгерді. Бұл азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуі және реттелмей келген субъектілер тарапынан қарыз алушылардың құқығын бұзу мәселелерін шеше ме? Осы салада еңбектеніп жүрген кәсіпкерлердің пікірі қандай? Күзде күшіне енген заңның талаптары қашан жүзеге аса бастамақ?

Шағын қаржы ұйымдары тұтынушылар базасына иелік ететін бюролармен келісім-шарт жасауы тиіс

Банктік емес ұйымдар туралы Azattyq Rýhy тілшісі «Бірінші кредиттік бюро» серіктестігінің атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваға сауал жолдаған болатын.  Бұл ұйымға еліміздегі ең ірі банктер құрылтайшылық етеді. Мұнда елдегі кредит берушілер мен тұтынушылар туралы ең ауқымды мәліметтер базасы сақтаулы. Сондықтан жоғарыдағы заң талабы бойынша шағын несие ұсынушылар әрбір клиент туралы ақпаратты несие бюросына  жолдап, оның жеке басындағы қаржылық ауыртпашылықтар туралы мәліметтерді қайтадан сатып алуға мәжбүр.  Сөйтіп жеке қаржылық ұйымдар, қаражатты оңды-солды үлестермес бұрын тұтынушының несиебаянын да тыңғылықты зерттеп, сосын кредит беруі керек. 

Қол астында 30 млн келісім-шартты сақтап отырған бюроның атқарушы директоры банктен тыс несие берушілер жаңа заң талаптарын «ауыр» қабылдағанын айтады. Әрбір берілген несие мен борышкерлер туралы ақпаратты орталықтандырылған жүйеге жіберіп отырудың машақаты да аз емес. Десе де, қолданысқа енген заңның микрокредиттік ұйымдар үшін тиімділігі өте жоғар.

«Біз бұдан бес жыл бұрын, заңмен міндеттелмей тұрғанда-ақ шағын несиелік ұйымдармен жұмысты бастағанбыз. Қазір бізде 47 мекеме бар. Егер, банкке жатпайтын ұйымдардан қарыз алғандар уақытынан кешіктірсе немесе мүлдем төлемесе де несиелік тарихына әсер етпейтін еді.  

Сондықтан кредит алып, өтемейтін топтар банкке жүгінуден гөрі аз ғана сомма үшін шағын қаржы ұйымдарына, ломбардтарға барады. Оның артында  үлкен тәуекел тұрғанын онлайн-несие беру ұйымдары мен өзге де шағын қаржы бірлестіктері түсіністікпен қарауы керек.  Бұл олардың біріншіден өздеріне тиімді»,- дейді «Бірінші кредиттік бюро» өкілі.

Банктік емес субъектілерге құқықтық нормативтерді талдап, оған өз жүйесін бейімдеу үшін уақыт керек. Себебі заңға өзгерістер өткен жылы күзде енді де, техникалық тұрғыдан шағын несие ұйымдары мен ломбардтар, өзге де ұйымдар дайын болмай шықты. Бірегей сандық жүйеге көшу кейбір мекемелер үшін қиындықтар туындатып отыр.  «Қаржы нарығын және микроқаржыландыру қызметін реттеу және дамыту мәселелері туралы» заң аясында барлық ұйымдар бұл процедураны 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтап, тұтынушылар базасына иелік ететін бюролармен келісім-шарттар жасап үлгеруге тырысуы керек.  

«Егер шағын несие берушілер жаздың алғашқы күніне дейін есепке тұрмаса, заңды бұзушы деп саналады. Қазақстан заңдары бойынша әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бізге ары қарай жұмыс істегісі келетін кредиттік ұйымдардан телефон қоңыраулар көп түседі. Олар жаңа заңның аясында жұмыс істеуге бейімделуден қорқатындар немесе тәжірибенің жоқтығынан шошынатындар.  Кейбір мекемелер бұл заңға былтыр жазда қол қойылса да, хабары жоқ екенін айтады. Ол үшін біз тегін курстар ашып, консультациялар беруге дайынбы»,- дейді бюродағылар.   

Қауымдастық құрамында көлікті кепілге қоятын 25 компания бар

Автокөлік құралдарын кепілдікке қою арқылы несиелендіру компанияларының қауымдастығы төрағасы Дулат Тастекей нарықта 2 мыңға жуық шағын несиелік ұйымдардың жұмыс істеп жатқанын айтады. Қауымдастыққа көлікті кепілдікке қою арқылы несие беретін 25 компания кіреді. Айта кету керек, клинеттердің несиебаяны бойынша мәліметтер базасына иелік ететін негізгі екі ойыншы бар.  Олар: Қазақстан Ұлттық банкі жанындағы «Мемлекеттік кредиттік бюро» акционерлік қоғамы мен «Бірінші кредиттік бюро» жекеменшік серіктесігі.

«Заң бойынша барлық клиенттер бойынша ақпаратты МКБ-ға( мемлекетті кредиттік бюро-автор) жіберуіміз керек. Енді біз сияқты компаниялар «Бірінші кредиттік бюро» сияқты жекеменшік компаниямен де жұмыс істей алады. Олар бізге мәліметтерді сатады. Бірақ ескере кететін жәйт шағын несиелік ұйымдардың 90 пайызы бұл бюромен жұмыс істеуге дайын емес.

Екінші мәселе Ұлттық Банктің талаптары күшті болып тұр. Ол ғимарат, ақшаны сақтау жүйесі, күзетті қамтамасыз ету, санитарлық нормалар бойынша екінші деңгейлі банктерге қоятын талапты шағын кредиттік ұйымдар мен ломбардтарға да қойып отыр. Оны орындау бәріне бірдей мүмкін емес. Демек осы нарықтағы мекемелердің 50 пайызы жабылуы мүмкін»,- дейді қауымдастық басшысы.

Клиенттің несие тарихы қаншаға сатылады?

Қаржы нарығын және микроқаржыландыру қызметін реттеу және дамытудағы өзгерістердің тиімді жақтары да бар.  Бірақ оның зияны да қатар жүретінін ескеру керек. Ол нарықты тазалау жағынан қарағанда бір күнде ашылып, бір күнде жабылатын компаниялардың бет-пердесін сыпыруға жақсы. Бірақ  осы күнге дейін ресми түрде жұмыс істеп келген, бірақ сүзгіден өтпегендерді көлеңкелі нарыққа итермелейд. Кәсіпкерлер Ұлттық банк заңды түсіндірмегенін алға тартады.

«Бізге заң жұмысшы топта, сосын парламентте қаралып жатқанда Ұлттық банк түсіндіру  жұмыстарын жүргізген жоқ. Енді заң күшіне енген соң, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында кездесулер өткізгенде ғана төбе көрсетті. Проблеманы төтесінен қойдық. Бірақ Ұлттық банк өкілдері заң бар, не істесеңдер, соны істеңдер деген кейіп танытты. Қазіргі заң кредиттік бюроларға ғана  көмек беріп отыр. Ал бізді мәжбүрлі түрде солармен жұмыс істетіп жатыр.  

Шыны керек, біз бұрын клиенттің басын қатырмайық деп, несиебаян дегенді сұрамайтынбыз. Себебі әрбір есеп беру біз үшін қосымша шығын. Жіберу тегін болғанымен, кредиттік бюролардан ол мәліметтерді ақшаға қайта сатып аламыз. Әр клиент бойынша 150 теңгеден бастап 1000 теңгеге дейін мәліметтерді сатып аламыз. Оны мемлекеттік кредиттік бюродан алуға да болады. Олар да арзан. Бірақ «Бірінші кредиттік бюро»-дан даму жағынан әлдеқайда қалып кеткен. Баяу, көп мәлміттерді әлі жүйелендірмеген»- дейді Дулат Тастекей.

Шағын қаржы ұйымдарының пайыздық үстемақысы екі есеге дейін азаяды  

Банктік емес ұйымдардың атынан сөйлеп отырған қауымдастық басшысы бизнестің болашағына, соның ішінде жеке кредиттік ұйымдардың қызметіннің өзіндік құнының қымбаттауына алаңдаулы. Тиісінше табыс та азаяды. Кәсіпкердің пікірінше, «нарық оңай несиемен тұтынушыны арбап отыр» деген ойыншылардан тазарса, 3-4 мың аралығында адамдар жұмысыз  қалуы мүмкін, ал осы саладан түсіп отырған салық көлемі 3 млрд теңгеге дейін қысқарады.    

«Былтырға дейін шағын ұйымдар үшін пайыздық шектеу деген болмады. Өткен жылдан бастап несие алатындарға бере алатын соманың ең үлкен жылдық мөлшерлемесі 100 пайыздан аспауы керек деген заң шықты. Біз осы тәртіппен жұмыс істеп жүрдік. Бізден бұрын оның көрсеткіші 700 пайызға дейін болыпты.  

Ал енді биылғы жылдан бастап, сол ең үлкен пайыздық мөлшерлемені 12-ге бөле салу емес, оның өз формуласына салғанда, біздің ең жоғарғы пайыздық мөлшерлеміз айына  5,6 пайызға тұрақтады.  Енді жаңа заң бойынша биыл 1 шілдеден тиісті формулаға салғанда  3,7 пайыз дейін құлдырады. Сонда жеке қаржы ұйымдарының табысы да екі есеге қысқарады»,- қауымдастығы төрағасы.

Оқи отырыңыз: Онлайн несие беретін компаниялар Ұлттық банк шектеулерін түрлі жолмен айналып өтеді

Айта кетейік, Мемлекет басшысы да халыққа оңды-солды несие беруді тоқтатуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жұмада Үкіметтің кеңейтілген отырысында несие саясатын оңтайландыру үшін бірқатар Президент Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін банк секторын шұғыл реттеу керек деген еді. Соңғы мәліміттер бойынша, жеке тұлғаларға берілген несие 1 трлн 400 млрд теңгеге өсіп, 6,7 трлн теңгеге жеткен.

Бірініш кредиттік бюроның дерегінше, банктік емес ұйымдардың  кредиттік портфелі 400 млрд теңге. Оның ішінде уақытында қайтпаған несиелердің көлемі 5 пайыздан аспайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.