Тоқаев Абу Дабидің тақ мұрагерімен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен БАӘ-де жүр
Қазақстан Президенті БАӘ-ге жасаған ресми сапары аясында Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Ақорда сайтында хабарланғандай, тараптар екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударған.
Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларында өзара ынтымақтастық мәселелері қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің де маңызды тарихи кезең алдында тұрғанын – келесі жылы Әмірліктердің құрылғанына 50 жыл, Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар қол қойылған құжаттармен алмасты. ҚР Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға, ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ орталық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.