$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.10.2019, 12:15
Экономика

Онлайн несие беретін компаниялар Ұлттық банк шектеулерін түрлі жолмен айналып өтеді

Бөлшек тұтынушылық несиелер бойынша шағын несиелік ұйымдардың жылдық мөлшерлеме шегі 56% аспауы керек. Алайда жекеменшік компаниялар Ұлттық банк шектеулерін түрлі жолмен айналып өтеді

Онлайн несие беретін компаниялар Ұлттық банк шектеулерін түрлі жолмен айналып өтеді
Фото: ашық дереккөзден

Қашықтықтан несие беретін шағын компаниялар кейбір заң талаптарына бағынбайды. Олардың ұсынған несиелік қаражатына қосылатын үстемақылар 6 есе, кейде одан да жоғары. Екінші деңгейлі банктердің халыққа берген несие көлемі 2019 жылдың қыркүйек айында 3,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  23,9% артық. Ал оған дейінгі екі жылдың көрсеткіші бойынша ол жылына 12,1–12,3%-ға өсіп отырған. Ал төлем мерзімі өткен тұтынушылық несиенің қазіргі соммасы 236,5 млрд (1,7%) теңгеге өскен. Бұл туралы Finprom.kz  жазады.

Тамыз айында Қазақстанда белгілі категорияға жататын кепілсіз несиесі бар азаматтарға рақымшылық жасалды. Оның ішінде үстемесі мен айыппұлдары 90 күннен асқан борышкерлерге де жеңілдіктер қарастырылған болатын. Бұл екінші деңгейлік банктерден қарыз алған азаматтарды ғана қамтыды. Енді Ұлттық банк күн көріс деңгейінен төмен табысы бар азаматтарға кепілсіз несие беруге тыйым салатын құжаттарды әзірлеп жатыр.  Шешім 2019 жылдың соңына дейін қабылданады. 

Онлайн несие беретін шағын компаниялар 2020 жылдың 1 қаңарынан бастап тұтынушылық несие беретін субъектілердің  реттеу периметріне кіретін болады. Осы күнге дейін бақылаусыз қалған бұл сектор арнайы заң талаптарымен жұмыс істеуі мүмкін. Себебі шағын несие кеңселері 10-15 минутта онлайн тәртіпте несие береді. Тұтынушыдан табысы туралы анықтама мен несиелік тарихына үңілмейді. Сондықтан табысы төмен азаматтардың борышқа батуына жол ашады.  

Қашықтықтан несие беретін компаниялардың қарыз бойынша жылдық мөлшерлемесі 700%-ға дейін жеткен деректер тіркелген. Салыстырмалы түрде алғанда екінші деңгейлі банктердің тамыз айындағы жылдық мөлшерлемесі тұтынушылық несие үшін  21,3% деңгейінде болды. Бөлшек тұтынушылық несиелер бойынша банктер мен шағын несиелік ұйымдардың жылдық мөлшерлеме шегі 56% аспауы керек. Алайда жекеменшік несиелік ұйымдар Ұлттық банктің шектеулерін түрлі жолдармен айналып өтеді. Несие беруді ұйымдастыру, несие беру қызметі, агрегаторлар, скоринг қызметтерін тұтынушы есебінен төлетіп отырған. Осылайша несие алушының қарызы 6 есеге дейін өседі.    

ҚазФинТех қауымдастығына қарасты 16 шағын несиелік мекеменің 4-еуі ғана қызметтері бойынша есеп берген. Kredit7, ДоПолучки.кз, Кредит24 және GoMoney компанияларынан басқалары тиісті ережелерге бағынбаған. Қарыз алушы 100 мың теңгелік несие рәсімдегенде 30 күнде үстінен қайтаратын сомма 60–63 мың теңгеге дейін өскен. Оның ішінде тек 5,7–8,8 мың теңгесі сыйақы ретінде есептелген. Осындай жолмен пайда тапқан 8 онлайн несие беру мекемесі анықталыпты.

Серіктес жаңалықтары