Әлемдік тәжірибе: Проблемалық кредиттер қоры шығынды болу үшін құрылған

Қазақстандық банктер әдетте теңгерімдіден әлдеқайда төмен нарықтық баға бойынша өздерінің проблемалық портфелін өткізуге дайын ба?

Әлемдік тәжірибе: Проблемалық кредиттер қоры шығынды болу үшін құрылған
Фото ашық дереккөзден

2019 жылы Халықаралық валюта қорының жаңадан тағайындалған басшысы Кристалина Георгиева жаңа әлемдік экономикалық дағдарысты болжады. ХВҚ басшысы бүкіл әлемдегі компаниялардың корпоративтік қарызының өсіп келе жатқан проблемасына назар аударғанына қарамастан, пандемия дағдарыстың пайда болу себептеріне өз түзетулерін енгізді. Сарапшылар CОVID-19 салдарынан болған соққы ұзақ мерзімді жоспарда әлемдік экономика үшін «пайдалы» түзету факторы бола ала ма, жоқ па деп саралап жатқанда, дағдарыстың салдарымен жұмыс тәжірибесіне назар аударған маңыздырақ.

Әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарымен күрестің халықаралық тәжірибесі елдер үкіметінің коммерциялық банктермен өзара іс-қимылына тікелей байланысты. Дағдарыс кезінде экономика баяулайды, кірістілік барлық жерде төмендейді, бұл ұйымдар мен халыққа берілген несиелердің қайтарылуына әсер ете бастайды. Банктердің проблемалық портфелі өсе бастайды, оған қоса банктер қосымша провизиялар құрады – бұл да айналымнан шығарылатын қаражат. Қаржы жүйесін жандандыру үшін үкіметтер реттеуші шаралармен бірге экономикаға банктер арқылы қаражат құя бастайды, оларды капиталдандырады, ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз етеді немесе стресстік активтерін сатып алады.

Осы үшін құрылған стрестік активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялар (АБК) проблемалық активтерді сатып алады.

Тиімсіз АБК немесе қаржы жүйесінің күйреуі

Мемлекет алдында тұрған міндеттердің басымдығына қарай мұндай ұйымдар проблемалы банктерді реттеу жөніндегі агенттіктер және өзге де қаржы мекемелері формасында (АҚШ, Индонезия, Түркия) немесе активтерді басқару жөніндегі жария компаниялар формасында (Оңтүстік Корея, Ирландия, Словения, Испания) құрылуы мүмкін. Банктерді реттеу жөніндегі агенттіктер қаржы жүйесін сауықтыруға тікелей – төлемге қабілетсіз банктерді қайта құрылымдау немесе тарату жолымен қатысады. «Классикалық» АБК-лар тар шеңберлі мандатқа ие, ол тек стрестік активтерді сатып алуға және басқаруға бағытталған.

Құрылу формасына қарамастан, мұндай ұйымдардың басты міндеті – қаржы жүйесін оңалту және дағдарыстың салдарын жоюға арналған мемлекеттік шығыстарды қысқарту.

Қазақстанда классикалық АБК моделі қолданылады. 2012 жылы 2008-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыстан туындаған күйзелістерден кейін Ұлттық банк шетелдік тәжірибені зерделеу қорытындысы бойынша «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ (ПКҚ) құрды. Оның қызметінің белсенді кезеңі 2017 жылы Қаржы министрлігіне тапсырылғаннан кейін басталды.

Мемлекеттік АБК-лардың жұмыс істеуі дағдарыстарға қарсы күрестің және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып қала бермек, себебі ол аса ауыр зардаптардың – ірі банктердің дефолтының, елдік рейтингтің төмендеуінің, инвестиция ағынының тоқтап қалуының, экономикадағы тоқыраудың, шиеленіскен әлеуметтік ахуалдың алдын алады.

Мұндай компаниялардың шығындары мен жалпы қаражаттарының қайтарымдылығы мәселесі мемлекеттік АБК-ларға берілетін активтердің трансферттік бағасына байланысты. Халықаралық сарапшылардың ұсыныстарына сәйкес проблемалық активтер нарықтық құны бойынша сатып алынғаны жөн. Сонымен қатар үкіметтер анағұрлым зор стратегиялық міндетке тап болады. Ол міндет – іс жүзінде банктерден нарықтық құннан жоғары бағамен активтерді сатып алуға әкелетін бүкіл қаржы жүйесінің және жүйе құраушы банктер дефолтының алдын алу.

Осыны және мемлекеттік АБК басқаруына әдетте өтімсіз стрестік активтер берілетінін ескере отырып, әртүрлі елдердің компаниялары бойынша салынған қаражаттың қайтарымдылық көрсеткіштері айтарлықтай жоғары емес:

КАМСО

(Корея Республикасы)

IBRA

(Индонезия)

Danaharta

(Малайзия)

SDIF

(Түркия)

NAMA

(Ирландия)

46,8%

22%

58%

16%

33%

Дереккөз: Public Asset Management Companies, A Toolkit, Дүниежүзілік банк, 2016 жыл

Соның нәтижесінде стрестік активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялар «ауыр соққыны» өздеріне қабылдап, қаржы секторынан «зиянды» өтімсіз активтерді шығарады, осылайша бүкіл жүйенің тұрақтылығын және тиісінше елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ұлттық экономиканы сауықтыру арқылы зиянды активтерді тарту

Стресті активтерді басқару мен іске асыруға деген көзқарас АБК үшін белгіленген жұмыс істеу мерзіміне, сондай-ақ берілген активтердің сапасы мен ерекшелігіне байланысты болады.

Мысалы, жұмыс істеп тұрған Sareb (Испания) және NAMА (Ирландия) еуропалық компаниялары жылжымайтын мүлік секторына көбірек әсер еткен 2008-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарынан құрылды. Осыған байланысты аталған компаниялардың қоржынында негізінен коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүлігі шоғырланған, бұл АБК-ларға активтердің тиісті түрімен жұмыс істеуге және бірыңғай стратегия әзірлеуге мүмкіндік береді.

Корейлік KAMCO активтерді басқару корпорациясына, керісінше, әртекті активтер берілді. Азия қаржы дағдарысы шиеленісіп тұрған кезде компания қызметінің алғашқы кезеңдерінде KAMCO негізінен сатып алынған активтерді жедел сатуға ден қойды. Активтердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға негізделген стратегия кейінірек қолданыла бастады және проблемалық несиелерді секьюриттеу, шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық орнату және бірлескен кәсіпорындар құру секілді құралдарды қарастырды.

ПКҚ-ға келер болсақ, стресті активтерді сатып алу бойынша мәміле жасасқаннан кейін «БТА Банк» АҚ-дан Қорға бизнестің барлық сегменттерінің қарыздары және халықтың қарыздары бойынша талап ету құқықтарынан, сондай-ақ жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілерінен, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестерінен тұратын құрылымы бойынша айтарлықтай зиянды және әртекті активтер портфелі берілді.

Бұл ретте, берілген активтердің көпшілігінің сапасы өте төмен болды, оның ішінде кепілдік қамтамасыз етудің төмендігі немесе олардың мүлдем болмауы, берілген несиелердің қарызы құрылымында тұрақсыздықтың айтарлықтай көп үлесі, сондай -ақ банкроттық сатысындағы жобалардың көп болуы.

Аталған факторлар активтерді қайта бағалау нәтижесінде Қорда едәуір шығындардың қалыптасуына әкелді. Дегенмен, стратегиялық жоспарда «БТА Банк» АҚ-мен мәміле жасасу жүйе құрушы банктің дефолтын болдырмауға (Казкоммерцбанк портфелінің 59%-ы БТА қарызынан тұрды), оның басқа ірі банкпен (Халық банкпен) одан әрі бірігуін қамтамасыз етуге және елдің қаржы жүйесінің күйреу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік берді.

Қордың «Цеснабанк» АҚ-мен жасалған басқа ірі мәмілесі аясында ауыл шаруашылығы кредиттерінің портфелі, оның ішінде елдің егістік жерлерінің шамамен 9%-ы кепіл түрінде сатып алынды. Үкімет алдында мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі тұрды. ПКҚ Үкімет тапсырмалары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен инвесторлардың қатысуымен бірлескен қызмет туралы шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізді, сондай-ақ бірқатар борышкер компаниялардың қарызын қайта құрылымдады, бұл компаниялардың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтауға және маусымдық көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге жол ашты.

Осылайша, белгілі бір шешімдерді қабылдау кезінде экономиканы және оның әлеуметтік саласын қолдауға бағытталған факторлар ескеріледі.

Мәселен, KAMCO корей компаниясы Корея экономикасының ірі конгломераттарының бірінің дефолтына жол бермеу мақсатында Daewoo Group-тың ірі қарыздарын біле тұра жоғары бағамен сатып алды. Ал америкалық RTC корпорациясының мандаты берілген активтер аз қамтылған және табысы аз отбасыларға тұрғын үй ретінде пайдаланылатын болса, коммерциялық емес ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерге мүлікті өтеусіз беру бағдарламасын ұсынды.

ПКҚ өз кезегінде бірқатар әлеуметтік маңызды активтерді, соның ішінде тоқтап тұрған кәсіпорындар мен жер телімдерін мемлекеттік меншікке берді. Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бойынша карантин шаралары сақталған кезеңде Қорды және оның «Estate Management Company» (ЕМС) еншілес ұйымын қоса алғанда, квазимемлекеттік ұйымдардан коммерциялық үй-жайларды жалға алатын ШОБ субъектілері жалдау ақысын төлеуден уақытша босатылды. Сондай-ақ, бұл коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын EMC кірістілігіне әсер етті. Бұған қоса ПКҚ өз қарыз алушыларына берешекті өтеу мерзімін ұзартуды ұсынды. Сонымен қатар, Қор әр уақытта Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын іске қосып, жүзеге асырды, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөніндегі бағдарламаның қаржы операторы болды.

Сатып алынған активтерді басқару тұрғысынан АБК-ның жұмыс істемейтін активтерді реттеу және экономикаға тарту жөніндегі негізгі құралдары — бұл қарыздар мен бизнесті қайта құрылымдау, жобаларға инвестиция салу, берешекті сотта өндіріп алу, активтерді сату.

ПКҚ жобаларға инвестиция салмайды, бюджеттен қарыз алушыларды сауықтыруға қосымша қаражат тартылмайды. Бұл ретте бүгінгі таңда Қор сауықтыру әлеуеті бар өзінің жұмыс істемейтін кредиттер портфелін (NPL) өтеу кестелерін қайта қарау, берешектің бір бөлігін есептен шығару, қарыз валютасын айырбастау сияқты түрлі құралдарды қолдана отырып, қайта құрылымдады. Қайта құрылымдаудың орындылығы жоқ несиелер бойынша берешекті Қор сот арқылы өндіріп алады. Сот арқылы өндіріп алу қорытындысы бойынша алынған мүлік мемлекеттік мүлік тізілімі алаңындағы электрондық сауда-саттықта сатылады.

Егер олар бастапқыдан тиімсіз болса, ПКҚ мен оның аналогтарының қызметін қалай бағалауға болады?

Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары АБК қызметінің нәтижелерін кешенді түрде бағалау маңызды екенін атап көрсетеді. Факторлардың бірі — сатып алынған активтерді экономикаға тарту көлемі, оның ішінде проблемалық жобаларды сауықтыру, өндіріп алынған мүлікті өткізу және активтерді мемлекеттік меншікке беру. Тарту қарқынына тәсілді таңдау осындай компанияларды құрудың әртүрлі алғышарттарымен және осы ұйымдардың алдында тұрған міндеттермен байланысты. Экономикаға әсер ететін басқа да қосымша факторлар — мұндай компаниялардың бюджетке салық салуға қосқан үлесі және пандемия кезінде өте маңызды болып табылатын жұмыс орындарының сақталуы.

Екі мәміле шеңберінде сатып алынған активтерді сауықтыру және тарту жұмысының нәтижесінде ПКҚ қызметін бағалау тұрғысынан 260 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, құрылды. Бұл елдің жұмыспен қамтылған халқының шамамен 3%-ын құрайды.

Мемлекет бюджетіне 25 млрд теңгеден астам сомаға салық түсті, оның ішінде 22,5 млрд теңгені жобаларды сауықтыру бойынша шаралар қабылданып жатқан борышкер компаниялар, ал 2,5 млрд теңгені ПКҚ-ның өзі төледі, бұл қосындысында Қазақтелеком және KEGOC сияқты ірі компаниялардан бюджетке салынатын жылдық салық түсімдеріне тең. Активтерді сатудан түскен барлық қаражат ҚР Ұлттық қорына жіберіледі, бүгінгі таңда бұл шамамен 42 млрд теңгені құрайды. Активтерді экономикалық айналымға тарту факторы бойынша жалпы сома 388 млрд теңгені құрайды, бұл тарту мерзімдері бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіш болып саналады. Қор осы бағыттағы белсенді қызметін үш жыл бұрын ғана бастады.

Әлемдегі барлық мемлекеттік АБК өздерінің шығындылығына байланысты жұртшылық тарапынан үнемі қысым көріп отырғанына қарамастан, олардың қызметінің бағытын ескере отырып, мұндай компаниялар өздерінің негізгі мандатын – қаржы жүйесін сауықтырумен айналысып отырғанын түсінген жөн. Стрестік активтерді олардың төмен сапасын ескере отырып тарту – қайтарымдылығы төмен күрделі процесс. Бұл ретте ПКҚ-ның қазіргі уақытта бұл міндетті жақсы орындап жатқанын мойындау қажет.

Жүйеден стрестік активтерді шығарудың нарықтық механизмі

Сонымен қатар, бірқатар артықшылығына қарамастан, мемлекеттік АБК құру зиянды активтерді жүйеден шығарудың жалғыз әдісі емес. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елінде банктерге жұмыс істемейтін кредиттерді өз теңгерімінде сақтамауға, бірақ осындай активтерді инвестициялау мен басқаруға маманданған нарықтың кәсіби ойыншыларына белсенді түрде сатуға мүмкіндік беретін стресстік активтердің қайталама нарығын дамыту қарқын алуда.

Биыл Азия даму банкінің бастамасы бойынша аймақта NPL қайталама нарықтарын дамыту мақсатында Азияда стрестік активтерді сатуға арналған бірыңғай электрондық сауда платформасын дамыту жобасы іске қосылды. Жоба аясында Қытай, Корея, Тайланд, Вьетнамның стрестік активтерін басқару жөніндегі компаниялар мүшелері болып табылатын International Public Asset Management Company Forum (IPAF) тұрақты жұмыс істейтін халықаралық ынтымақтастық платформасының құрамына кіретін мемлекеттік АБК-ларды, сондай-ақ отандық ПКҚ-ны белсенді түрде тарта отырып, осындай платформаны құру жолындағы перспективалар мен кедергілер зерделенетін болады.

Жалпы, бүгінгі таңда стресті активтерді сатуға арналған электрондық сауда платформаларын Корея, Ирландия, Испания, Украина секілді елдердің АБК кеңінен қолданады. Олардың кейбіреулері өз бетінше сауда платформасын құрса, кейбір компаниялар DebtX, FFN, Debitos, BlinkS сияқты ірі әлемдік сауда платформаларында сатып жатыр.

Стресті активтердің қайталама нарығының даму үрдісі біздің елімізді де айналып өтпеді. COVID-19 пандемиясымен байланысты соңғы оқиғалар аясында стресті активтерді экономикалық айналымға тарту мәселесі ерекше өзекті болып тұр. Алайда, нарықты дамыту және NPL сауда платформасын енгізуге бірқатар жүйелі кедергілер бар, олардың негізгілері – банктер стрестік активтерді сата алатын тұлғалардың шектеулі тобы және мамандандырылған инвесторларды тарту үшін құқықтық орта мен ынтаның болмауы. Оларды жою үшін қаржы реттеушісі (ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) Ұлттық банк пен Үкіметтің қатысуымен стресті активтер нарығы бойынша заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеп жатыр.

Отандық нарыққа жеке сектор ойыншыларын кеңінен тартуға бағытталған кешенді шараларды, сондай-ақ NPL қайталама нарығын құру бойынша заңнамалық және реттеуші шараларды қабылдау жұмыс істемейтін кредиттерді жүйелі деңгейде реттеу проблемасын шешуге мүмкіндік береді, бұл оларды дұрыс іске асырған жағдайда активтерді сатып алу үшін бюджет қаражатын одан әрі тартпауға және сонымен қатар елге шетелдік инвестициялар мен кәсіби ойыншылардың келуін қамтамасыз етуге жол ашады.

Алайда, басты сұрақты ұмытпаған жөн – қазақстандық банктер әдетте теңгерімдіден әлдеқайда төмен нарықтық баға бойынша өздерінің проблемалық портфелін өткізуге дайын ба?

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.