Қазақтың көк туы мен Шавкат Рахмоновтың шапаны әсер етті: француз қызы қазақ тілін аз уақытта меңгеріп алған
Ол Қазақстанда тұрғысы келетінін жасырмады
Әлеуметтік желіде аз уақыт ішінде ана тілімізді еркін меңгеріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген 20 жастағы Нинья Гуардасьоне оқиғасы кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Azattyq Rýhy тілшісі француз қызының өз аузынан Қазақстан мен қазақ тіліне деген ерекше ықыласының қайдан басталғанын сұрап білген еді.
Нинья Францияда дүниеге келген. 13 жасына дейін отбасымен бірге сонда тұрса, кейін басқа контингентке көшкен.
«2017 жылы әкем мен ағам Панамаға көшті. Әкем ол жақта мейрамхана бизнесін бастаған еді. Біраз уақыттан соң анам екеуміз де солардың қасына бардық. Осылайша бала күнімнен екі түрлі мәдениетті тең бойыма сіңіріп өстім. Француз лицейінде оқығаныммен, мектептегі білім жүйесі маған аса ұнай қоймады. Содан 16 жасымда дәстүрлі мектептен шығып, білімді үйде өз бетімше алуға бел будым. Ешқандай мұғалімсіз, бәрін өзім ізденіп үйрендім. Соған қарамастан, мектеп аттестатын ойдағыдай алып шықтым», - деді ол.
Бойжеткен жоғары оқу орнына түсуді де жоспарлағанын, бірақ уақыт өте келе университет форматы да өзіне сәйкес келмейтінін түсінгенін айтады.
«Ата-анам бұл шешімімді де түсіністікпен қабылдап, әрқашан қолдау білдірді. Қазір табысымды әлеуметтік желі арқылы табамын. Француз тілді аудиторияға ММА мен жекпе-жек спортына деген сүйіспеншілігімді бөлісіп, осы бағытта сапалы контент ұсынып жүрмін», - дейді Нинья Гуардасьоне.
Қазақстан Ниньяның назарын осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ аударған екен.
«Мен бұл елді өмірімде екі рет «аштым» деп әзілдеймін. Барлығы достарыммен әлем елдерінің туларын жаттаудан басталды. Сол кезде маған Қазақстанның көк туы бәрінен де әдемі әрі ерекше болып көрінген еді. Ал екінші рет бұл елмен ММА арқылы жақынырақ таныстым. ММА-ге қызыға бастаған кезімде Шавкат Рахмоновтың жекпе-жекке Қазақстанның туын жамылып, иығына шапан киіп шыққаны маған қатты әсер етті», - дейді ол.

Оның айтуынша, Францияда ММА жанкүйерлерінің арасында Шавкат Рахмоновты қолдайтындар өте көп.
Осыған дейін Нинья Дубайда алты ай бойы жалғыз өзі тұрған. Кейін пәтер жалдау мерзімі аяқталып, таңдауы Қазақстанға түсіпті.
«Франциядағы отбасыма қайтпас бұрын, тағы бір ай басқа елде болып, саяхаттауды әрі жаттығуды ұйғардым. Тандауым бірден Қазақстанға түсті. Келе сала DAR TEAM клубында жаттыға бастадым. Бұл орта маған соншалықты ыстық әрі жақын болып кетті, сондықтан сапарымды еш өкінбестен тағы екі айға создым», - деп ағынан жарылды Нинья.
Нинья қазақ тілін елімізге аяқ баса салсымен үйрене бастағанын айтады.
«Алғашқы күндері «сәлеметсіз бе», «рақмет» сияқты қарапайым сөздерді жаттап жүрдім, олар тез есте қалды. Ал Қазақстанда ұзағырақ қалатынымды түсінген сәтте «Қай тілді меңгергенім дұрыс, орыс тілін бе, әлде қазақ тілін бе?» деген сауал алдымнан шықты. Еуропалық таныстарымның көбі «орыс тілін үйрен, өйткені бәрібір бәрі орысша сөйлейді» деп кеңес берді. Бірақ жергілікті халықпен жақынырақ араласа келе, бұл пікірдің мүлдем қате екеніне көзім жетті. Сондықтан еш ойланбастан қазақ тілін таңдадым. Меніңше, егер адам өзге елге көшіп барса, сол қоғамға бейімделуге тиіс. Ал оның алғашқы әрі ең басты қадамы тіл үйрену», - дейді ол.
Бойжеткен ана тілімізді меңгерудің өзіндік қиындықтары бар екенін де жасырмады.
«Әрине, қазақ тілін үйрену оңайға түскен жоқ. Оқу материалдары аз, кейбір дыбыстарды айту да оңай емес. Бірақ бұл кедергілердің бәрі еңсеруге тұрарлық. Өйткені қазір орыс тілін білмейтін достарыммен де еркін тіл табысып, халықтың ерекше құрметі мен ыстық ықыласын сезініп жүрмін», - дейді ол.
Нинья Қазақстанға деген ықыласы мен сыйластығы арта түскенін, оны жақсы көретінін айтты.
«Шынымды айтсам, келер алдында аздап қорықтым. Себебі Қазақстаннан өте көп нәрсе күттім, сондықтан көңілім қалып кете ме деп уайымдадым. Бірақ бәрі керісінше болды. Қазір өзімді дәл өз орнымда жүргендей сезінемін. Мұнда достарым, күнделікті өмірім және өзіме үйреншікті орта қалыптасты. Бұған ең үлкен себеп – қазақ халқы. Олар мені өте жылы қабылдап, осы қоғамның бір бөлігі болуыма көмектесті. Ет - Алматыға келгенде жеген алғашқы тағамым болды. Маған өте ұнады, бұған дейін ешқашан жеп көрмеппін. Оның үстіне, атқа мінбей тұрып, алдымен жылқының етін жеп көрдім», - деді Нинья.
Француз қыз Қазақстанда қалғысы келетінін жасырмады, алайда оған күрделі виза шаруалары кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
«Мен Қазақстанда қалғым келеді. Бірақ бұл оңай емес. Виза рәсімдеу ұзақ уақыт алады, қымбатқа түседі және ресми шақыру болмаса, бәрі одан бетер қиын. Қазір осында біржола тұру үшін барлық мүмкін жолдарды қарастырып жүрмін. Бірақ бұл процесс ұзақ әрі нәтижесі әлі белгісіз. Тамыз айының соңында Францияға қайтуыма тура келеді. Егер сол уақытқа дейін мәселені шеше алмасам, қарашаның ортасына дейін Қазақстанға қайта келе алмаймын. Егер бәрі тек өз қалауыма байланысты болса, мен осында қалар едім», - дейді ол.
Нинья Қазақстанды ұнатқаны сонша отбасын да осы жаққа шақыртып жатыр.

«Әкем келесі аптада маған қонаққа келуі мүмкін. Біз бірге Қазақстанда тұрақты тұрудың мүмкіндіктерін қарастырмақпыз.Әкем әрқашан түрлі шешім таба алады. Сондықтан бұл жолы да бәрі жақсы болады деп үміттенемін.Ал анамды, егер сол уақытқа дейін визам дайын болмаса, қыркүйекте Францияға қайтқан кезде көремін. Ал егер визам рәсімделіп үлгерсе, ол да Қазақстанға, яғни маған қонаққа келеді», - деп түйіндеді Нинья.