Астана тұрғыны бұрын өзі күзеткен құрылыс аумағынан 21 млн теңгенің кабелін ұрлап кеткен (ВИДЕО)
Ер адам нысан аумағына емін-еркін кіріп, ВВГ-Пнг (А) LS 3×2,5 маркалы электр кабелін жасырын түрде алып кеткен
Астанада 31 жастағы ер адам бұрын өзі күзеткен құрылыс аумағынан 21 млн теңгенің кабелін ұрлап кеткен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің бұрын дәл осы нысанда күзетші болып жұмыс істегені белгілі болды.
Тергеу мәліметінше, ер адам нысанның аумағына емін-еркін кіріп, ВВГ-Пнг (А) LS 3×2,5 маркалы электр кабелін жасырын түрде алып кеткен. Ұрланған мүліктің жалпы құны 21 миллион теңгені құрайды.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол қолға түсті. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Анықталғандай, ол нысанның құрылымын, күзет жүйесін және материалдық құндылықтардың орналасуын жақсы білген. Осыны пайдаланып, қылмысқа барған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция мүлік иелеріне өндірістік және құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, бейнебақылау жүйелерін жетілдіруді және материалдық құндылықтардың сақталуына тұрақты бақылау жүргізуді ұсынады.