ЖСДП өкілдері педагогтердің әлеуметтік мәселелері жөнінде пікір алмасты
Кездесуде мұғалімдердің еңбек жүктемесі мен білім беру инфрақұрылымына қатысты мәселелер талқыланды
Қарағандыда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өкілдері педагогтермен кездесу өткізді. «Әлеуметтік қалқан» тақырыбында өткен басқосуда мұғалімдердің еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелері және білім саласындағы өзекті түйткілдер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге партия төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Асхат Рақымжанов, сондай-ақ кандидаттар Нұрлан Әубәкіров пен Мақсұт Насибулов қатысты.
Асхат Рақымжанов мұғалімдердің еңбек жүктемесі мен білім беру инфрақұрылымына қатысты мәселелерге тоқталды.
«Мұғалімдер мектепте 10-12 сағат бойы уақытын өткізеді. Бұл адам үшін моральдық әрі физикалық тұрғыдан оңай емес. Мұндай жағдайды болдырмау үшін мектептер санын арттырып, ұстаздардың сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет. Әлі күнге дейін үш ауысымды мектептер бар. Бұл ұстазға да, оқушыға да кері әсер етеді», – деді ол.
Жиын барысында педагогтер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесуде сөз сөйлеген Мақсұт Насибулов қоғамдағы мәселелерді шешуде тәжірибесі бар азаматтардың рөліне тоқталды.
«Бүгінде саясатта танымал есімдерге немесе әлеуметтік желідегі көрсеткіштерге көбірек мән берілетіндей көрінеді. Алайда халықтың мәселесін сол түйткілмен ұзақ жылдар айналысып жүрген азаматтар жақсы біледі. Сондықтан нақты тәжірибесі бар адамдардың пікіріне құлақ асу маңызды», – деді ол.
Басқосу барысында партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасында білім саласына қатысты ұсыныстарын таныстырып, мұғалімдердің еңбек жағдайы, жүктемесі, еңбекақысы мен әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты мәселелерді талқылады.