Шымкент әуежайында ұшақ қаққан ит емес, шибөрі болып шықты

Жабайы жануар әуежай аумағына әскери бөлім арқылы өтіп кеткен

Шымкент әуежайында ұшақ қаққан ит емес, шибөрі болып шықты
Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шымкент әуежайының аумағына жабайы жануардың өтіп кетіп, оны ұшақ қағып кеткені үшін әскери бөлім жауапты деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға биыл сәуір айында Алматы-Шымкент бағыты бойынша ұшып келген FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қонғаннан кейін болған. Алғашында ұшақ итті қағып кеткені хабарланған еді. Кейін жүргізілген тексеру барысында әуе кемесі ит емес шибөріні қаққаны анықталды.

Тергеу қорытындысына сәйкес, жануар ұшу-қону жолағына №55652 әскери бөлімінің жауапкершілігіндегі қоршау арқылы кірген.

«Комиссия авиациялық оқиғаға әскери бөлім қарауындағы қоршаудың талапқа сай күтіп ұсталмауы себеп болды деген қорытындыға келді. Тексеру кезінде қоршауда жануарлардың еркін өтуіне мүмкіндік берген бірнеше саңылау анықталды. Осыған байланысты оқиға үшін жауапкершілік әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына жүктелді», – деді «Шымкент әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әлік Ғанеев.

Авиациялық әкімшілік мәліметінше, әскери бөлімнің жауапкершілігіндегі қоршау авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмеген. Атап айтқанда, күзет жарығы, бейнебақылау жүйесі және қоршауды астынан қазып өтуге жол бермейтін инженерлік қорғаныс болмаған. Осы олқылықтардың салдарынан жабайы жануар аэродром аумағына еш қиындықсыз кірген. Әскери бөлімге қоршауды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, жануарлар мен бөгде адамдардың әуеайлақ аумағына өтуіне жол бермеу жөнінде ұсыным берілді.

Сонымен қатар Авиациялық әкімшілік анықталған кемшіліктердің әзірге толық жойылмағанын мәлімдеді. Бұған Қорғаныс министрлігі тарапынан қаржыландыру мәселелері себеп болып отырғаны айтылды. Ал әуежайдың өз қарамағындағы қоршаулардың жарамды күйде екені, анықталған саңылаулардың түгел жабылғаны хабарланды.