Отандық электровоздар экспортқа шығарылады

Оның көлемін 40 пайыздан 60 пайызға жеткізу көзделіп отыр

Еліміздің Сауда және интеграция министрлігі Парижде әлемдегі ең ірі машина жасау компаниясы Алстоммен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірлестіктің еліміздегі 2 зауытының бірінде электровоз құрастырылады. Енді инвестор оларды көрші елдерге сатуды қолға алуға ниетті. Қазақстандық өнімге сұраныс жоғары болу үшін отандық материалдардың үлесі арттырылып, оның көлемін 40 пайыздан 60 пайызға жеткізу көзделген.

«Отандық материалдың үлесін арттырудан техниканың құны арзандап, бәсекелестікке қабілеттілігі артуы тиіс. Аралас өндіріс дамып, 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты екі еселеу туралы мақсатымызға жетуге көмектесетін болады», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

«Бұл Қазақстанмен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған тағы бір қадамымыз. Біздің «Қазақстан темір жолымен» келісім-шартымыз 30-40 жылға жоспарланған. Қазақстанда жүріп жатқан пойыздарға қызмет көрсетуден бөлек келешекке жоспарымыз көп», - деді ALSTOM компаниясының аймақтық президенті Эндрю Делеоне.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.