$ 530.12  546.08  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.10.2021, 20:44
Экономика

Түркістанда POS-терминалдар шығарыла бастады

Өнімдер екі облыстың сұранысын қанағаттандыруда

Түркістанда POS-терминалдар шығарыла бастады

Күнделікті сауда орындарында төлем кезінде қолданылатын POS-терминалдар бұған дейін елімізге шетелден тасымалданса, енді оны Қазақстан өзінде жасайды. Түркістан қаласында іске қосылған кәсіпорын елімізге келетін импорттың үлесін аз да болса төмендетпек.

Қазақстан бойынша тұңғыш рет қолға алынып отырған жоба Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында, облыс орталығындағы индустриалды аймақты кеңейту жұмыстары шеңберінде қолға алынған.

Мұнда көп функционалды терминалдардың екі түрі құрастырылады. Оның бірі – дүкендердегі кассалық аппарат болса, екіншісі телефон нөмірлеріне абоненттік төлем жасап, ақша аударымдарын атқару сынды түрлі операцияларды атқарып тұратын үлкен POS-терминал. Отандық өнімдер арқылы барлық банк карточкаларымен кез-келген қызмет түрін пайдалануға болады. Кәсіпорындағы 20 шақты білікті маманның күн сайын 20 кіші терминал, 2-3 үлкен терминал шығаруға мүмкіндігі бар. Есептесек, жылына 4 мыңдай шағын, 800-дей үлкен автоматтандырылған құрылғы Қазақстан нарығына шығып, ақшасыз есеп айырысуға атсалысып жатыр деген сөз.

Автоматтандырылған құрылғыны шығару идеясы кәсіпкер Бақытжан Насырұлының миында 15 жыл бойы пісіп жетілген. Ол автоматтандырылған құрылғыны шығаруды Қазақстан нарығында алғашқы болып бастауды бұрыннан ойлап жүріпті. Түрлі ғылыми жобаларға қатысып, идеясын ақтап алған кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жобаның жарыққа шығуына атсалысқан.

Отандық өнімдерді әзірге Түркістан, Алматы сынды облыстардың сауда нүктелері сатып алуда. Жалпы сұраныс жаман емес. Кәсіпкер бүгінде Қырғызстан және Өзбекстан республикаларымен келіссөздер жүргізіп, POS-терминалдарды шетелге экспорттау жағын қолға алуды бастаған.

«Біз қазір шетелден POS-терминалдардың ішкі құрылымдарын сатып аламыз. Қымбаттау. Оны өзімізде жасап шығару жағын жоспарлап отырмыз. Жалпы, терминалдарымыз алдағы уақытта заман талабына сай, сенсорлы экрандарымен, жаңартылған бағдарламаларымен шығарылады деп күтілуде», - дейді Б.Насырұлы.

Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта «Нұрлы НазАЙ» ЖШС-і сынды тағы 15 кәсіпорын бар. Негізінен, ол зауыттар жол салуға қажетті бетон өнімдері мен қатты және жұмсақ жиһаздар сынды өнімдерді шығарады. Сонымен бірге, түрлі кәсіпорындарға арналған киімдер тігетін текстиль фабрикасы да өз қызметін индустриалды аймақта атқарып жатыр. Аумағы 350 гектарды алатын аймақта 2023 жылға дейін тағы 7 кәсіпорынның жұмысын бастау жоспарланып отыр. Әзірге, ондағы 16 кәсіпорында 800-ден астам жұмысшы тұрақты жұмыс істеп, жан бағып отыр.

Серіктес жаңалықтары