«Сізден басқасының бәрі кінәлі»: Бектенов Үкімет отырысында Сұлтанғазиевті қатаң сынға алды
Ол өңірдегі жұмыстарды тездету керек дейді
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті баяндамасынан кейін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мінберге сөз сөйлеуге шақырған әкімге Бектенов өңірде әлі күнге дейін жобалар бойынша келісімшарттар жасалмағанын айтты. Марат Сұлтанғазиев облыстағы жұмыстың нәтижесі жайлы баяндап берді.
«Облыста «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 62,9 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдарға тиесілі 4 жоба бар, олардың жалпы құны – 4 млрд теңге. Қалған 6 жоба – «АЖК» акционерлік қоғамының құзыретінде. «АЖК» АҚ электрмен жабдықтау бағыты бойынша жалпы құны 58,9 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске асырады. Оның 40 млрд теңгесі биылға жоспарланған. 17 шілдедегі мәліметке сәйкес, қазіргі таңда компания конкурстық рәсімдерді жүргізіп жатыр. Қорытындылары 25 шілдеге дейін шығарылады деп күтіліп отыр. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан 4 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 2 жоба бар. Бұл жобалар бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалып, жоспардың 50 пайызы орындалды. Жылу желілерін қайта жаңғырту жұмысы қараша айының соңына дейін аяқталады», – деді ол.
Облыс әкімі 2027 жылы жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.
«Қазіргі таңда осы бойынша EXR платформасында операторлармен келісу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Барлық келісімшарт жақын арада жасалып, жұмыс жоспарға сәйкес аяқталатын болады. Жалпы, ұлттық жоба іс-шараларының іске асырылуы облыс әкімдігінің ерекше бақылауында», – деді әкім.
Премьер-министр баяндамаға көңілі толмағанын білдіріп, облыс әкіміне сынын жеткізді.
«Сізді тыңдасақ, сізден басқа бәрі кінәлі екен. Бағана айттым ғой, тездетіңіздер», - деді Бектенов.