$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.04.2021, 10:03
Экономика

Wildberries-дің «жабайы» бизнесі Қазақстанға қандай шығын келтіріп жатыр?

Компанияның Қазақстан бюджетіне төлейтін салығы биыл күрт төмендеп кетті

Wildberries-дің «жабайы» бизнесі Қазақстанға қандай шығын келтіріп жатыр?

Жақында Ресей басылымдары Wildberries онлайн-дүкенінің иесі Татьяна Бакальчукты Ресейдің ең бай әйелі деп атады. Ол бұл позициядағы Елена Батуринаны (Мәскеудің бұрынғы мэрі Ю.Лужковтың әйелі) ысырып қана қоймай, бірнеше көш кейін тастапты. Бір жылдың ішінде Бакальчук байлығын 1200%-ға, 1 млрд-тан 13 млрд долларға дейін көбейткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бар мәселе карантин кезіндегі онлайн-дүкенінің бұрын-соңды болмаған сауда жасауында дейді сарапшылар. Тек бұл ханымның бизнесі Қазақстанның экономикасына зиянын тигізбесе дейсің. Оған дәл қазір тоқталайық.

Ресейлік Wildberries соңғы кезде Қазақстан нарығына дендеп енді. Aliexpress-тің өзі біздің нарықты Wildberries компаниясымен бөлісуге мәжбүр. Оның бір құпиясы – Aliexpress сауда жасағанда теңге мен АҚШ долларының бағамымен есеп айырысса, Wildberries сауда жасағанда ресейлік рубльдің теңгеге қатысты бағамымен есептейді. Сөйтіп салыстырмалы түрде алғанда оның тауарлары арзандау шығады.


Татьяна Бакальчук, фото РБК сайтынан

Қызық осы жерде басталады. Wildberries арқылы алған тауарға 20% мөлшеріндегі қосымша құн салығын қосады екен. Қазақстанда ҚҚС – 12% екені белгілі. Сонда бұл қайдан шыққан қосымша құн салығы? Сөйтсек шетелдік онлайн-дүкен Ресейдегі қосымша құн салығын ескереді екен. Сонда біз ресейлік ҚҚС-ты төлеп отырған болып шығамыз. Бірақ білуімше, Еуразиялық экономикалық одақ ережесіне сәйкес, ҚҚС тауар кіретін және сатушы табыс табатын мемлекеттің бюджетіне төленуі тиіс. Анық-қанығын білейін деп ЕАЭО туралы шартты аштық. Ондағы 72-баптың 1-тармағы осы ойымызды қуаттап тұр. Онда өзара тауар саудасында қосымша салықтар тауарды қабылдайтын елдің ережесімен төленеді делінген. Яғни, Wildberries біздің елде жасаған саудасы мен тапқан табысы үшін Қазақстан қазынасына салық төлеуге міндетті!

Ресейлік Wildberries Қазақстанда «Вайлдберриз» ЖШС деген ұйым арқылы жұмыс істейді екен. Ол туралы ақпаратты интернеттен табуға болады. Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, «Вайлдберриз» ЖШС-нан бюджетке түсетін салық кәдімгідей төмендеп кеткен. 2020 жылы бұл компаниядан қазынаға 5 млрд теңгеге жуық салық түсіпті. Ал биыл 4 айында небәрі 52 млн теңге салық құйыпты. Карантин қыспағының арқасында онлайн сауданың бәсі қызған кезде Wildberries-тің бизнесі шатқаяқтап қалды дегенге сенесіз бе? Онда оның иесі бір жылда байлығын 1200%-ға қалай өсіре алған?

Бұл нені білдіреді? 2020 жылы компания ҚҚС-ты Қазақстанның бюджетіне құйған да, ал 2021 жылы Ресейдің бюджетінің бүйірін томпайтқан деп топшалауға болады. Өйткені тауарға қосылатын қосымша құн салығының мөлшері Ресейдегі ресми мөлшер болып тұр. Сонда сіз бен біз осы компания арқылы алған тауарымыз үшін 8%-ға артық ақша төлейді әрі ол қаржы көрші елдің қазынасына түседі. Яғни еліміздің бюджеті миллиардтаған теңгеден қағылып отыр. Wildberries-тің былтырғы құйған салығына 3 мектеп салуға болар еді.

Ал ресейлік Wildberries көрсеткіштерінің өскенін көрсетіп мақтануда. Ресейлік Forbes 2020 жылы компанияның айналымы екі есеге артып, 437,2 млрд рубльге жеткенін жазады.

Осы тұста біздің құзырлы органдардың әрекеті, дәлірек айтқанда әрекетсіздігі қайран қалдырады. Мысалы, Францияда электронды сауда саласында өз кәсіпкерлерін қорғау мақсатында басқа елдердің тауар сатушыларына кәдімгі ҚҚС-тан бөлек, 3% мөлшерінде қосымша салық (жанама салық), ал Ұлыбритания 2% жанама салық салады.

Осы жерде заңды сұрақ туады. Мұндай компаниялардың қызметін реттейтін өкілетті органдар қайда қарап отыр? Ұлттық мүддемізді, қарапайым тұтынушылардың құқығын қорғау жағынан не істелуде? Отандастарымыздың бөтен елдің қазынасын қампайтып жатқаны қаншалықты дұрыс? Бұл ЕАЭО туралы шарт қағидаларына қаншалықты сай келеді? Осындай қарапайым, бірақ заңды талаптар сақталмаса, онда Одақтың өзін қаншалықты әділетті деп айтуға болады? Бұл жария сауалымызға мемлекеттік органдар да ашық жауап берер деп ойлаймыз.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары