ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Қазақстан кәсіпкерлерінің 750 млрд теңге көлемінде несиесін өтеу кейінге қалдырылды

Биыл 1 сәуір мен 1 шілде аралығында ШОБ субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтарды өтеу уақытша тоқтатылды

Фото: ашық дереккөзден

Шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа пакеті 50 мың бизнес субъектісіне сауалнама жүргізу негізінде әзірленді, деп хабарлады Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

«Пандемия жағдайын ескере отырып, Үкімет бизнесті салықтық ынталандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. 2021 жылғы 1 сәуірден бастап осы жылдың 1 шілдесіне дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды өтеу кейінге қалдырылатын болды. Сауалнамаға 50 мыңнан астам адам қатысты. «Атамекен» ҰКП жүргізген кәсіпкерлік субъектілеріне ШОБ қолдау бойынша жаңа шаралар пакеті дайындалды», - деп хабарлады Әсет Ерғалиев.

Атап айтқанда, экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша жасалған кешенді жоспар аясында 60-тан астам қолдау шаралары қарастырылған.

«Аталған бағыт мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталған. Оның ішінде маңызы аз мемлекеттік сатып алулар бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдау тетігін енгізу қамтылды», - деп түсіндірді министр.

ШОБ субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтарды өтеуді кейінге қалдыру туралы шешім бизнеске 200 млрд теңгеге жуық қаражатты сақтауға мүмкіндік берді. ШОБ субъектілерінің салықтық және кедендік берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатылды.

«Бұл бизнеске айналым капиталы үшін 279 млрд теңгені «босатуға» көмектеседі. Екінші деңгейдегі банктерде кредиттер бойынша төлемдерді 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру жөнінде шаралар қабылданды. Кейінге қалдырылған төлемдер көлемі 750 млрд теңгені құрайды. Қазір біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға көмектесу. Қабылданып жатқан шаралар ағымдағы жылы экономика өсімі құрылымында 0,8 пайыздық пункт қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Асқар Мамин.