Төрт өңірде өңдеу өнеркәсібі төмендеген – Ұлттық экономика министрі

Әсет Ерғалиев өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жұмыстың қарқыны туралы айтты 

Төрт өңірде өңдеу өнеркәсібі төмендеген – Ұлттық экономика министрі
Фото: ашық дереккөзден

2021 жылғы қаңтар-сәуір қорытындылары бойынша, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны өткен жылғы наурыз айынан бері алғаш рет 0,7%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкіметтің кезекті отырысында айтты.

Министр өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жұмыстың қарқынына тоқталып өтті. Айтуынша, бұл бағытта бәсекелестікке қабілеттілік барынша артып келеді.

«Атап айтқанда, өсім машина жасауда 20,6%, оның ішінде автомобиль құрастыруда – 25,4%, құрылыс материалдарында – 26,5%, химиялық өнімдер өндірісінде – 11,2%, пластмасса өнімдері өндірісінде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киім өндірісінде – 23,6% және жиһаз өндірісінде – 19,5% деңгейінде тіркелді», - деді Әсет Ерғалиев.

Ал сыртқы сауда тауар айналымы қаңтар мен наурыз аралығында 19,7 млрд долларға жетіп, оның ішінде экспорт – 11,5 млрд долларды құраған. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсіп, 4 млрд долларға дейін жеткендігі мәлім болды. Өз кезегінде тауарлар импорты 8,2 млрд долларға тең келген.

Әсет Ерғалиев өз баяндамасында өңдеу өнеркәсібінің өңірлердегі ахуалына да тоқталып өтті.

«13 өңір өңдеу өнеркәсібінде оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде төмендеу 4 өңірде байқалуда: Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында», - деді ведомство басшысы.

Ұлттық экономика министрі 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлік жоспардың жалпы жағдайына тоқталып өтті.

«Барлық 7 көрсеткіш бойынша оң өсім 2 өңірде – Шымкент қаласы және Маңғыстау облысында байқалады. 6 көрсеткіш бойынша 5 өңірде өсім бар. Олар - Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстары. 9 өңірде 4-5 көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Батыс Қазақстан облысында тек 2 көрсеткіш бойынша өсім байқалады», - деп нақтылады Ерғалиев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.