Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді

Жиынға бірнеше елдің басшылары қатысады

Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді
көрнекі фото: 2019 жыл, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінің қорытындысы

21 мамыр күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Жиынға Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысады.

Сонымен қатар отырысқа Куба президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы бақылаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысады деп жоспарлануда.

Онлайн режимде өтетін Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ортамерзімді перспективадағы міндеттер қарастырылады.

Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі интеграциялық ықпалдастыққа және Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді реттеуге баса мән беріледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.