Өткен жылы Қазақстанда ЖІӨ-нің өсу қарқыны минус 2,6%-ды құрады
Руслан Дәленов ел экономикасының жай-күйі туралы баяндады
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылғы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«2020 жылы нақты сектордың өсуі 2%-ды құрап, экономикалық драйверге айналды. Көрсетілетін қызметтер өндірісінің өсу серпіні минус 5,6%-ға дейін жақсарды. Нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны минус 2,6 %-ды құрады», - деп хабарлады министр Үкімет отырысында.
Министр нақты сектордың барлық дерлік салалары мен қызметтердің жекелеген түрлері бойынша өсудің оң қарқыны тіркелгенін атап өтті. Құрылыста өсім 11,2%, ақпарат және байланыс саласында 8,6%, ауыл шаруашылығында 5,6%, өңдеу өнеркәсібінде 3,9%, білім беруде 2,3% құрап отыр.
«Кейбір салалардағы теріс өсімге қарамастан, жыл соңына қарай динамика жақсарды. Бұл көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлік операциясы, тау-кен өнеркәсібі саласына қатысты», - деп нақтылады Руслан Дәленов.