Зейнетақы жинағын алу баспана бағасын «жасанды» жолмен қымбаттатады – сарапшылар

Маклер-мамандар Қазақстанда тұрғын үй бағасы қымбаттайды деп болжап отыр

Зейнетақы жинағын алу баспана бағасын «жасанды» жолмен қымбаттатады – сарапшылар

Тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді? Ел ішінде БЖЗҚ қаржысын алумен бірге үй бағасы қымбаттайды деген болжам желдей есіп жүр. Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі қазақстандық жылжымайтын мүлік нарығындағы мамандардың пікірін тыңдап көрді.

Қазақстан Біріккен риелторлар қауымдастығын басқаратын Лариса Степаненко жылжымайтын мүлік нарығы үшін 2021 жыл жағымды жаңалықтармен басталғанын айтады. Пандемияға байланысты тұралап қалған бұл нарықты осы жылы өзгерістер күтіп тұр. Белсенділік алғашқы айдан-ақ байқалды, дейді риелтор.

«2021 жыл белсенді басталды. Сосын 2020 жылдың сұраныстары сол күйінде қалғанын ескерсек, адамдар әлі де нарықтың оңалуын күтіп отыр. Тұрғын үй нарығындағы тұрақсыздық адамдарды өзінің жоспарларын кейінге қалдыруға мәжбүрледі. Бүгін өмір өзінің ережесін енгізіп, өзінің айтқанымен жүргізіп отыр. Сондықтан өткен жылдың кейінге қалдырылған сұраныстарына биыл жан біте бастады деп айтса болады. Сосын, екінші деңгейлі нарықтағы баспаналарға да сұраныс бар, сатып алушылар ақырындап қарап жатыр. Бір бөлмелі, екі бөлмелі және үш бөлмелі пәтерлерге де сатып алушылар таңдау жасауға кірісті. Сол себепті нарықта жандану байқалады деп  айтуға негіз бар», - дейді қауымдастық басшысы.

Оның сөзінше, баспана нарығында міндетті түрде өзгеріс болады. Алайда, жоба енді іске қосылғалы жатқандықтан, оны жүзеге асырудың тетіктері әлі де шикі көрінеді. Мысалы, құжат қабылдау жүйесінде ойланбай жасалған бастамалар бар. Жалпы, жұмыс алгоритмі жетілдіріле түсуді қажет етеді.


Светлана Степаненко

«Иә, зейнетақы жүйесіне байланысты аталған бағдарламадан соң, сатушылар қазір бағаны көтермекке үміттеніп, «алақандарын ысқылап» отыр. Бұл сценарий қазақстандық жылжымайтын мүлік нарығы үшін қалыпты үрдіс. Бізде АҚШ доллары қымбаттаса немесе қандайда бір мемлекеттік бағдарлама пайда болса, сатушылар бағаны қолдан көтере бастайды. Жылжымайтын мүлік нарығында ұсыныс сұранысқа қарағанда әлдеқайда жоғары екенінін ұмытпайық. Өзімізді өзіміз алдамайық. Сондықтан қазір бағаны бейберекет жасанды жолмен көтере беруді тоқтату керек. Себебі жыл басталысымен нарықта бағаның жоғарылап бара жатқанын байқап отырмыз»,- дейді Л. Степаненко.

Айталық, былтыр көктемде АҚШ ақшасы 440 теңгеге дейін шарықтады. Сатушылар бағаны соған қарай бейімдеп, 10-15 пайызға дейін жоғарылатты. Ал одан соң доллар 400 теңгеге дейін түсіп кетті. Бірақ баға түскен жоқ. Маманның айтуынша, бұл сатушылар тарапынан жасалған әділетсіздік. Сатып алушы да өз сөзін айтуы тиіс дейді.

«Қаңтар айында құрылыс салушылардың белсенділігі де байқалады. Олар да түрлі бағдарламалардан үміттенеді. Мысалы БЖЗҚ қаражатын пайдаланып қалу, соған қарай бейімделуге құлықты-ақ. Бірақ, жаңа салынып жатқан үйлерден берілетін пәтерлер зейнетақы жинағынан қаржы беру бағдарламасының талаптарына сәйкес келе бермейді. Оның өз нюанстары баршылық. Олар мемлекеттік бағдарламалардың ұсынатын шаршы метрлері мен баға сегментіне қарай үйлер салса дегенді бұрыннан айтып жүрміз. Сонда тұтынушы жаңа баспананы көптеп сатып алатын еді», - дейді сарапшы.

Ал жер үйлер мен жер телімдері сегментіне келсек, тұтынушы бұл жерде де өз сұранысынан ешқашан бас тартқан емес. Биыл ақпанның соңы мен наурыздың басында жеке секторға да сұраныс арта түседі. Бұл жылдағы құбылысдейді мамандар.

«Егер коммерциялық тұрғын үйлер туралы айтатын болсақ, 1-3 категориялардан комфорт-сыныпты үйлерге дейінгі аралықта бағаның көтерілетінін болжап отырмыз. Егер инфляцияның деңгейімен өлшесек, ол 7-10 пайызға қымбаттайды. Бұған себеп – мен айтқан категориядағы баспаналарды салу үшін құрылыс материалдары шетелден келеді.   Ал 4-ші категория бойынша баға 2020 жылдың соңындағы шаршы метр индексінде қала бермек. Айтарлықтай өзгеріс болмайды. Пайдаланып жүрген баспаналар, яғни екінші нарықта керісінше бағаның 10 пайызға дейін арзандауына еш кедергі жоқ», - деп болжайды сарапшы Ермек Мүсірепов.


Ермек Мүсірепов

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов баспана жағдайын жақсартуды ынталандыру үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділікті қашанда күшейтеді дейді. Оның болжамынша, тұрғын үйге 2021 жылы сұраныс артады. Мысалы, БЖЗҚ-дан баспана сатып алуға деп берілетін қаражатттың 60%-ы жылжымайтын мүлік сатып алуға бағытталады деп болжаймыз. Бұл өте көп ақша. Яғни, зейнетақы жүйесінен 2,5 трлн теңге қаржы жылжымайтын мүлік үшін алынайын деп отыр.

«Тұрғын үй жағдайын жақсыртуға деген стимул артпаса, кемімейтіні ақиқат. Ол жаңа салынған үй, пайдаланылған үй, жер телімі және ипотекалық кредиттерді жабуға деген сұраныс, ол бізде баршылық. БЖЗҚ-дан бөлінетін қаражат аз емес, ендеше нарықта алып-сатарлық, дүрбелең болуы әбден мүмкін. Әсіресе, бағаны құбылтуға біздің нарық қатысушылары да, құрылыс компаниялары да шебер. Одан қашып құтыла алмаймыз.  Алғашқы толқынға төтеп берсек, ары қарай жағдай өз арнасына түседі деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы шаршы метр үшін баға күйіп тұр. Бұл қолжетімді баспана үшін бөлініп жатқан қаржы азаматтардың ұзақ жыл адал еңбегімен жинаған қаржысы. Оны алаяқтар мен олигархтар өз мақсатына пайдаланбағаны жөн. Сондықтан мемлекет те, оны жүзеге асыратын оператор банк те, баспана салушылар да ақшаның әлеуметтік маңызды рөлі барын түсініп, әділ жұмсалуына ынталы болуы тиіс», - дейді Е. Мүсірепов.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.