Өткен жылы Қазақстандағы инфляция деңгейі 7,5%-ды құрады
Өткен жылы бағаның жалпы өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер еткен
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2020 жылғы инфляция көрсеткішін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Жылдық инфляция да бір ай бұрынғы 7,3%-бен салыстырғанда 2020 жылдың соңында 7,5%-ға дейін жылдамдап, Ұлттық Банктің 7,0-7,5% деңгейіндегі болжамына сәйкес қалыптасты. Бағаның жалпы өсуіне ең көп үлесті азық-түлік инфляциясы қосып отыр. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі нарықтарда жекелеген тамақ өнімдерінің теңгерімсіздігі күшейгеннен 10,8%-дан 11,3%-ға дейін ұлғайды»,- деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция киім мен аяқ киім бағасының 4,8%-ға дейін төмендеуінің аясында 5,7 пайыздан 5,5 пайызға дейін баяулады.
Ақылы қызмет инфляциясы қоғамдық тамақтану қызметі мен қонақ үйде қызмет көрсету бағасының өсуіне байланысты 4,1%-дан 4,2%-ға дейін жеделдеді.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан