Қазақстандықтар зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын 250 млрд теңге алып кеткен
5 жыл ішінде 145 мың салымшы жинақтағы ақшасын ерте алған
ЖАП-ЖАС «ЗЕЙНЕТКЕР»
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Azattyq Rýhy жолдаған сауалға қазақстандықтар үш жағдайда зейнет жасына жетпей, қордағы ақшасын алдын ала алуға құқылы деп жауап берді.
Елде жылдар бойы еңбек етіп, ай сайын жалақыдан жырып, зейнатақы қорына 10% аударатын адам, Қазақстаннан көшкен жағдайда қордағы жиған-тергенін қоса алып кетуге құқылы. Ол үшін, басқа мемлекеттің ресми органдарынан тұрақты мекен жайы туралы анықтама алып, БЖЗҚ-ға тапсыруы тиіс.
Денсаулығына байланысты 1-2 топтағы мүгедектер алдын ала өтініш білдіріп, қордағы ақшасын қолына алады. Ол үшін жинақтағы қаражат сомасы ең төменгі 12 зейнатақыдан аспауы керек. 2019 жылы ол 433 296 теңге болып белгіленді (12 айда - 36 108 теңге).
Сондай ақ, мерзімінен бұрын қордағы ақшаны алудың тағы бір жолы бар. Ол үшін, зейнетақы салымдарын сақтандыру компанияларына аударуға келісім беру керек. Ер адамдар 55 жаста, әйелдер 51 жастан мұндай қадамға бара алады. Мұны зейнетақы аннуитеті деп атайды. Ең бастысы, ер адамдардың активі 9,5 млн теңге, ал, әйел адамның есебінде 13 млн теңге болуы шарт. Демек, 59 әлде 63 жасқа дейін күтпей-ақ, зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік бар. Әлбетте, ол үшін қордағы есеп-шотты ертерек толтыруға қамдану керек.
КӨБІ ШЕТЕЛГЕ ҚОНЫС АУДАРҒАНДАР
Жоғарыда атап өткен үш санат ішінде зейнетақы қорынан ең көп актив шығарып алушылар - ақшасын сақтандыру қорына аударғандар. 130 млрд тг. Ол төмендегі кестеде анық көрсетілген. Барлығы 12,5 мың адам. Сан жағынан көп емес. Бірақ, бұл топ жоғары айлық алып, тез қор жинаған ауқаттылар қатарынан болуы бек мүмкін.
Жалпы 5 жыл ішінде 145 мың салымшы жинақтағы ақшасын мерзімінен бұрын алған. БЖЗҚ оларға 2015-2019 жылдар ішінде 250 млрд теңге ұстатқан. Шетел асқандарға 110 миллиард теңгеден артық берілсе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 10 миллиард теңгеден астам ақша аударылған.
Екінші кестеге сәйкес, өзге елдерге қоныс аударғандар саны жылдан жылға артқаны байқалады. Зейнетақы қорына өтініш бергендер саны былтыр 20 976 адам болса, биыл тоғыз айдағы көрсеткіш 17 874 адам.
ҮКІМЕТ ҚОРДАН ҮЙ АЛУҒА АҚША БЕРЕ МЕ?
Azattyq Rýhy қордағы қаражатты алдын ала алу туралы мәселені көтеруіне себеп те жоқ емес. Биыл, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға немесе білімге жұмсау мақсатында белгілі бір бөлігін алуға мүмкіндік жасау керектігін айтты.
«Бүгінде жұмыс істеп жүрген адам зейнетақы жинақтарын пайдалана алмайды. Оны тек зейнетке шыққан кезде ғана алуға рұқсат бар. Бірақ ол ақшаның зейнетке дейін пайдаланамын дейтін адамды да түсінуге болады. Сондықтан үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын", - деді Тоқаев алғашқы жолдауды жариялау кезінде», - деді Тоқаев.
Осы тапсырмаға сәйкес Үкімет пен Ұлттық банк бұл мәселені пысықтау үстінде. Қандай шешімге келетінін бір айдан соң белгілі болады. Бұл уақытта, зейнетақы қорындағы қаражатты жекеменшік басқаруға беру туралы бастама да пісіп-жетіліп қалғанға ұқсайды. Жинақты тиімді басқару деген - пайыздық табысын арттыру. Ендігі кезде ол үшін шетелдік компаниялар да тартылады. Ал, күні кеше Halyk Bank зейнетақы қорындағы ақшаны басқаруға әзір екендерін білдірді. Егер, зейнетақы қорындағы қаражатты банктер алса, бизнеске кредит бере бастауы мүмкін. Бұдан бұрын, Қазақстанда ұзақмерзімге қарызға беретін теңге тапшы екенін «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бірнеше мәрте айтқан болатын.
Ақпарат үшін: БЖЗҚ 2013 жылы құрылды. Үкіметке бағынады, акциялары Ұлттық банкке тиесілі. Қайрат Келімбетов Ұлттық банкті басқарған тұста жинақтағы барлық қаражат жекеменшік компаниялардан шығарылып, бір қолға шоғырландыру үшін БЖЗҚ құрылған болатын. Соңғы уақытта, қор табысы аз екені айтылып, оның жұмысы сынға ұшыраған.
Мөлдір Бақытқызы, Нұр-Сұлтан