Елордалықтар үшін үйге газ кіргізу қаншаға түседі?
Бүгін Үкімет үйінде «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы бойынша арнайы брифинг өтті
Келер жылдың жылыту маумысында газ Нұр-Сұлтан қаласындағы Көктал-1, Көктал-2, «Оңтүстік-Шығыс» (Юго-восток), Теміржол аудандарындағы жеке меншік үйлерге келеді. Көгілдір отынды әкімдік тек үйдің аумағына дейін жеткізіп береді. Әрі қарай тұрғындар оны өздері кіргізуі тиіс. Жеке меншік үйге газ кіргізу үшін қанша ақша кететіні туралы брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетиқалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл айтып берді.
«Шығындар әр үйге жеке. Газ келгеннен кейін тұрғын үй иесі «КазТрнасГаздан» техникалық шарт алу керек. Ол тегін беріледі. Шартта қанша газ қолданатыны көрсетіледі. Осы шарт арқылы нарықтағы мамандандырылған компаниялармен бағасын өзіңіз келісесіз. Ал баға сізге қажетті пештің сапасына байланысты. Қазір 150-200 шаршы метрге арналған ең арзан пештер 150 мың теңге тұрады. Одан үлкен аумаққа арналған пеш бағасы 300 мың теңгеге дейін жетеді. Біздің есептеуімізше, 150-160 шаршы метрлік үйлерге кететін толық шығын 150-200 мыңнан аспайды», - деді ол.
Газды кіргізу бағасы үй ғимараты мен қоршаудың ара қашықтығына байланысты болады.
«Үй шарбақтан 1 метр немесе 3-5 метр әрі орналасуы мүмкін. Осы аралықтағы жұмысты мамандандырылған компания жасап береді. Бұдан бөлек үй ішіндегі газ қондырғысы бар. Оған 30-60 мың теңге кетуі ықтимал», - деді басқарма басшысы.
Ал газ шығынын есептеуші машинаны (счетчик – авт.) әкімдік 15 жылдық кепілдікпен тегін береді. Е.Бәзілдің айтуынша, нарықтағы 15-20 мың теңгелік арзан есептеуіштер емес, қашықтықтан бақылауға болатын қымбат құрылғылар алынады. Осылайша, газ тексеретін арнайы бақылаушы қызметкердің керегі де болмайды.
Оқи отырыңыз: Көлгінов пен Есімов «Сарыарқа» газ құбырының салынып біткенін киіз үйде атап өтті
Газ Нұр-Сұлтан қаласына 3 кезең бойынша кіргізіледі. Бірінші кезеңде Көктал-1, Көктал-2, «Оңтүстік-Шығыс» (Юго-восток), Теміржол аудандары мен 1,2,3 – ЖЭО-ға келеді.
Екінші кезеңде, яғни 2021-2023 жылдары Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұрғын үй алаптарына жеткізіледі.
Елордаға газ тартудың соңғы кезеңінде, яғни 2023-2025 жылдары Ильинка, Шұбар, Өндіріс ауылдары газбен қамтылады.
Елордадағы газ бағасы желтоқсан айының басында бекітіледі. Брифингте ҚР Энергетика министрінің орынбасары Мұрат Жүребек қазір баға қою бойынша комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты. «Газ құны көмірден қымбат болатыны анық» дейді ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан