KASE «Apple», «Facebook», «Tesla» сияқты алпауыттардың акцияларын саудалауды тағы кейінге шегерді
КАSЕ сауда алаңына «Apple», «Starbucks», «Facebook» және «Microsoft» сияқты алпауыттардың бағалы қағаздарын келесі жылы саудалайтын болады
Қазақстан қор биржасында Американың әйгілі компанияларына тиеселі акциялардың саудаланатыны туралы хабарландыру биыл наурыз айында пайда болған еді. КАSЕ сауда алаңына Apple, Starbucks, Facebook және Microsoft сияқты алпауыттардың бағалы қағаздарын сынақ түрінде саудаға шығырған. Алайда оны толыққанды іске қосу үшін Қазақстан қор биржасы техникалық кедергілерді шешпей отыр. Бұл туралы «Azattyq Rýhy» тілшісіне «Freedom Finance» халықаралық инвестициялық компаниясының басқарушы директоры айтты.
Компания өкілі кәсіпқой брокерлерден тыс қарапайым тұтынушыларға арнап жасалған жобаның кешігіп жатқанын айтады. Қор нарығынан толыққанды хабары жоқ, бірақ акция сатып алуға қызығушылық танытатын азаматтар үшін «Freedom24.kz» қызметі іске қосылуы керек болған. Артық ақшасы бар кез-келген азамат қаржыны депозитте ұстағанша, әлемдік алпауыт компанияардың акциясын сатып алып, оны қайта саудалау арқылы табыс табуына мүмкіндіктер беріледі. Ол үшін Қазақстан қор биржасы сауда алаңына АҚШ-тың ірі корпорацияларына тиеселі қарапайым акцияларды саудаға шығаруы тиіс болған.
Фото. Ерқанат Әбени, «Freedom Finance» халықаралық инвестициялық компаниясының басқарушы директоры
«АҚШ-та Robinhood деген жаңа өнім іске қосылып жатыр. Біз де «Freedom24.kz» деген сервиспен жедел әрі бір түймені басу арқылы қажетті акцияларды сатып алуға мүмкіндік беретін жобаны жасадық. Интернет дүкенге кірген соң, АҚШ-тың биржасына шықпай-ақ, америкалық ірі корпорациялардың қарапайым акцияларын қазақстандық теңгеге сатып алуға болады. Акция АҚШ-та қанша тұрса, дәл сол курспен Қазақстанда да қол жетімді болады. Қазір бағдарлама жетілдіріліп, дайын тұр. Бірақ КАSЕ жаңа платформа құрып жатырмыз деп, қор нарығына шығармай отыр. Олар осы жаздың ортасында қор нарығына шығарамыз деп еді, енді желтоқсан айының соңы деген мерзім қойып отыр»- дейді Ерқанат Әбени.
Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюктің айтуынша, КАSЕ қазір мәскеулік MOEX биржасының технологияларын ендіріп жатыр. Бұл процесс келесі жылдың басында аяқталады. «Freedom Finance» халықаралық инвестициялық компаниясы ұсынған өнімдер сол кезде толыққанды жұмыс істейді.
Қазір тестік листингтен Ford Motor Company, Intel Corporation, Pfizer Inc, The Coca-Cola Company, NIKE, Inc, Starbucks Corporation, Exxon Mobil Corporation корпорацияларының акцияларын көруге болады. Бірақ әзірге жасалған келіссөздер бойынша соммалар көлемі 70 мың, 110 мың, ары кетсе 200 мың теңге көлемінен аспаған.
«Сауда алаңына алпауыт компаниялардың қарапайым акциялары шығарылғанын бұрын да айтқанбыз. Бірақ ол сынақ түрінде. KASE алаңында алғашқы мәмілелер де жасалып, биржаның арнайы листингтеріндегі тізімде тұр. Қаталеспесем Tesla мен Apple акцияларына қызығушылық көп. Келесі жылдың алғашқы айларында нақты жұмыс істейді деп уәде беремін. Күте тұруға тура келеді. KASE ресейліктермен бірігіп қолға алынған жаңа платформаны іске қосқан соң, бұл өнім көпшілік үшін қол жетімді болады»,- дейді Андрей Цалюк.
Қор биржасының 2019 жылы 3 наурызда таратқан ақпаратына қарағанда, «Apple Inc» корпорациясының жария болған бағалы қағаздарының саны 12,5 миллиард дана. Ал «Starbucks Corporation»-ның 2,5 миллиард қарапайым акциялары мен 7,5 млн. дана айырықша акцияларын саудалау, сондай-ақ, КАSЕ алаңына «Microsoft» 24 миллиард, «Facebook» 5 миллиард дана бағалы қағаздарын шығаратыны айтылған.
Алпауыт корпорациялардың акцияларын сатып алу кезінде тұтынушы тек нарықтық бағасын төлейді. Freedom Finance ресми сайтында алғашқы үш айда азаматтар банктік және брокерлік комиссиялардан босатылады делінген. Сатып алынған акциялардың барлығы Орталық депозитарийде «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заң аясында сақталып, қорғалады. Құнды қағаздардың бағасы 3 мың теңгеден 1 млн. теңге аралығында белгіленген.
Ақпарат үшін: «Freedom Finance» халықаралық инвестициялық компаниясы әлемнің 8 мемлекетінде жұмыс істейді. Олар қаржылық операцияларды Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан және Кипр аумағында жүргізеді. Жеке капиталы $125 800 000. Әлемге әйгілі 12 ірі корпарацияның қарапайым акцияларын биржаға шығару құқығына ие.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы