ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

Тоқаев пен Маурер не талқылады?

Қазақстан мен Швейцария Президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Фото: akorda.kz

24 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та Швейцария Президентімен кездесу өткізіп, Ули Маурерді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырған еді. Швейцария конфедерациясының Президенті Ули Маурер араға екі ай салып, Нұр-Сұлтанға ресми сапармен келді.

Алдымен екі елдің басшылары арасында шағын құрамда кездесу өтті. Тоқаев Швейцарияның Қазақстан экономикасындағы маңызды инвесторлардың және негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін айтты. Ули Маурер Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанды өз елінің аса маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын жеткізді.

«Біз саяси қолдау көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен ризашылық білдіреміз. Біздің мақсат-мұраттарымыз ортақ. Ал экономикалық байланыстарымызға келер болсақ, соңғы жылдары бұл саланың даму қарқыны артып келеді. Біздің өзара сапар алмасуымыз қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді У.Маурер.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Швейцария Президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Ули Маурер өңірдегі экономикалық және саяси байланыстарды дамыту ісіндегі Қазақстанның негізгі рөліне назар аударды.

Қазақстан біз үшін саяси әрі экономикалық тұрғыдан Азия мен Еуропа арасын жалғастырушы көпір саналады. Сіздердің елдеріңіздің әлемдегі және халықаралық қоғамдастықтағы рөлі артып келеді. Біз Азия мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастарды шынайы, ашық және тікелей талқылай алатын, сондай-ақ, құрлықтар арасындағы өзара ықпалдастықты қамтамасыз етуге, экономикалық қатынастарды нығайтуға бірлесе үлес қосатын Қазақстан сияқты серіктесіміздің бар екеніне қуаныштымыз, – деді Швейцария Президенті.