Соңғы 9 айда 9,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп көрсеткіш

Соңғы 9 айда 9,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
Фото: ашық дереккөзден

Биыл қыркүйек айында елімізде экономикалық жағдай қайта жандана бастады. Нақты секторларда өсім байқалады. Жылдық инфляция 7,0% деңгейінде сақталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Нақты секторлардағы өсім жыл басынан бері 2,2%-ды құрады. Олар құрылыс (10,5%-ға өсу), ақпарат және байланыс (8,2%), ауыл шаруашылығы (5,0%), өңдеу өнеркәсібі (3,3%) салаларын қамтиды. Сонымен қатар ҚР Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысында  қыркүйек айындағы экономикалық жағдайға тоқталды.

 «Көптеген салалар қыркүйек айында оң өсу көрсетті. Бұл ауыл шаруашылығы (166,5%-ға), құрылыс (95,4%-ға), білім беру (38,2%-ға), техникалық (36,3%-ға) және қаржылық қызмет (21,7%-ға), сауда (2,7%-ға), көлік (1,2%-ға) және басқалар. Осылайша, қыркүйектегі көрсеткіштер іскерлік белсенділіктің жандануын көрсетті. Қызмет көрсету саласы қалпына келтірілуде», - деді министр Руслан Дәленов.

Өңірлерде өнеркәсіптің қарқынды жұмыстары байқалады. Көш басында Қостанай облысы (6,9%-ға) тұр. Ақмола (6,8%-ға), Солтүстік Қазақстан (5,3%-ға) облыстары да жақсы көрсеткішке ие.

Сонымен қатар, министр қаңтар-қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібі өндірісі 3,3 пайызға артып, оның ішінде фармацевтика, дайын металл бұйымдары, машина жасау, және жеңіл өнеркәсіп бағыттарының қарқын алғанын айтты.

«Негізгі капиталға 8,3 трлн теңге сомасында инвестиция тартылды. 13 өңірде инвестицияның өсуі байқалады. Оның ішінде ең үздік көрсеткіш Түркістан облысы (66,7%-ға) және Шымкент қаласында (36,2%-ға) байқалады»- деді Руслан Дәленов.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі өз баяндамасында соңғы 9 айда 9,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.