«Табыс табатындардың бәрі салық төлеуі керек»: вице-министр Kaspi Gold төлемі туралы
Барлық ақша аударымдары, соның ішінде Kaspi Gold арқылы да төлем жасау салықтан жалтаратын кәсіпкерлерді анықтауға көмектеседі. Бұл туралы қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты
Вице-министрдің айтуынша, қазақстандықтар электрондық төлем жасағанда, оның кейбір бөліктеріне салық төлеуі керек.
«Барлық төлемдер бойынша салықтан жалтару бар деп айтуға болмайды. Егер сіз балансыңызды толтырып, жақындарыңызға көмек ретінде ақша аударсаңыз, бұл салықтан қашу емес. Әрқайсы жеке қарастырылады. Бұл барлық электрондық транзакцияларға қатысты. Егер сіз коммуналдық қызмет ақысын төлесеңіз немесе ұялы телефоныңыздың балансын толтырсаңыз, бұл соманың ішіне салық та қоса кіреді. Оның бәріне салық қызметі арнайы мониторинг жасап отырады», - деп түсіндірді ол.
Вице-министрдің айтуынша, төлемдерді заңдастыру жеке тұлғаға сапасыз қызмет көрсетіліп, сапасыз тауар ұсынылған жағдайда құқығын қорғауға көмектеседі.
«Жақыныңызға көмектесу немесе қолданылған заттарды сату ешкімге табыс әкелмейді және бұл тұрақты түрде болатын төлем емес. Кейде бір жеке тұлғадан екінші жеке тұлғаға тұрақты түрде төлем арқылы ақша аударылып тұруы мүмкін. Мұндай жағдайлар салық қызметінің күдігін тудырады. Табыс табатын адамдардың барлығы салық төлеуі тиіс», - дейді.
Қаржы министрлігі әрбір төлемге өз алдына атау, статус беруді дұрыс деп есептейді.
«Әрбір төлемге статус берілуі мүмкін. Төлем не үшін жасалды: тауар сатып алу үшін бе, әлде қайырымдылық үшін бе? Әрбір төлемді белгілеп, саралау керек. Егер жақындарыңа көмектесіп, ақша аударатын болсаңыз, ол басқа нәрсе, ал тауар сату/сатып алу мүлде басқа. Бірақ, бұл біреу қолданылған велосипедін сатса да, оған барып «бізге салық төле» дегенді білдірмейді», - дейді вице-министр.
Бұған дейін «Азаттық рухы» редакциясы «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы салықтан жалтаратындармен мемлекет қалай күреседі?» деген мәселе көтерген болатын.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан