«Kaspi.kz» қосымшасы арқылы салықтан жалтаратындармен мемлекет қалай күреспек?
Осы мәселе бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті, Kaspi банк және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ресми жауап берді
Қазіргі таңда қазақстандық банк тұтынушылары арасында «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы кең қолданыста. Kaspi банктің бізге берген мәліметінше 2017 жылы іске қосылған қосымшаны ай сайын 5 миллионнан астам қолданады. Көптеген дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарында қолма-қол есеп-айырысу мен банк картасынан бөлек, осы «Kaspi kz» қосымшасымен оңай төлем жасауға болады. Ол үшін сатушының телефон нөміріне ақшаны қосымша арқылы тікелей аудара саласыз. Көптеген сауда нүктелері тіпті кассаның жанына Каспи банкке тіркелген нөмірін жазып, іліп қоятын болған. Халық үшін бұл қолайлы болғанымен, мәселенің екінші жағы да бар. Себебі мұндай төлем түріне фискалды чек берілмейді, себебі сіз қосымша арқылы жеке тұлға есепшотына ақшаны қандай мақсатта аударып жатқаныңызды көрсете алмайсыз. «Kaspi.kz»» қосымшасын кәсіпте қолдану бизнес өкілдері үшін салықтан ашық жалтару, транзакцияға алынатын комиссиядан қашу екенін мемлекеттік кірістер комитеті жоққа шығармайды. Комитеттің редакция сауалына берген ресми жауабында қазір Қаржы министрлігі Kaspi банкімен бірге мобильді қосымша арқылы жасалған төлемдерден де табыс салығы алынуы үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта Қаржы министрлігімен «Kaspi Bank» АҚ-мен бірге каспи бизнес қосымшасын іске қосу мен тиісті ақпараттарды алу мәселелері реттеліп, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру сұрақтары қарастырылуда», - делінген жауапта.
«Kaspi Business» қосымшасының іске қосылғаны туралы 2018 жылдың қараша айында банк басшысы Михаил Ломтадзе хабарлады. Оның мақсаты – заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге өз қаржысын телефон арқылы басқаруға мүмкіндік беру еді. Жаңа қосымшаны іске қосқан дүкендер осы жылдың ақпан айынан бері QR кодпен төлем қабылдап жатыр. Яғни, ол арқылы ақшаны Kaspi.kz қосымшасымен сатушы немесе сауда орны иесінің телефон нөміріне жібермей-ақ кассадағы QR-кодты сканерлеп төлей саласыз. Бірақ әзірге оны орнатқандар көп емес.
Фото kursiv.kz, «Kaspi Business» қосымшасын таныстырып тұрған банк басшысы Михаил Ломтадзе
Ыңғайлы қосымшаны қолданбаудың себебін білмекке Kaspi-ге «байланған» телефон нөмірін көпшілікке көрсете іліп қойған дүкендердің біріне кіріп едік, сатушы «Ол қосымшаны орнатсақ, салық алынады ғой. Ал номермен жіберсе налог төлемейсің», - деп жауап берді. Саудагердің айтуынша, қазір тіпті олардың өздері де көтерме сауда орталықтарынан тауар алғанда қомақты қаржыны «Kaspi.kz» қосымшасымен аударады екен. Ал тауар иесімен өзара келісіп, кейде үстінен комиссиясын қосып төлейтін көрінеді.
«Банкоматтан ақша шешу лимиті айына 300 мың теңге ғой. Одан көп шешсе, 0,95% комиссия ұстайды. Ал «оптовиктерден» тауар алғанда бір дегенде 500-600 мың аударамыз. Сондықтан ақшаның үстіне 1% қосып аудар деп талап қояды. Мен кейде ашуланып бермей қоямын. Кейбіреулер тұтынушысынан айырылып қалмау үшін комиссия сұрамайды» – деді, сатушы келіншек.
Осындай мәселелер жөнінде Kaspi банктің өзінен «Kaspi.kz қосымшасы кәсіпкерлердің салықтан оңай жалтаруына итермелемей ме?» деп сұрап білдік.
«Салық міндеттемесін орындау және заң талаптарына сай болу - әрбір азамат пен кәсіпкердің жеке жауапкершілігі. Атап айтқанда, кәсіпкер қолма-қол немесе қолма-қол емес төлемді қабылдау кезінде кассалық чек беруге міндетті», - деп қана жауап берді.
Сонымен бірге олар мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес микро және шағын бизнесті салықтан үш жылға босату көзделгенін айтып отыр. Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл жеңілдік қолма-қол емес төлемнің артуына және көлеңкелі экономика үлесінің төмендеуіне қосымша мүмкіндік береді екен. Мемлекеттік кірістер комитеті де келер жылдан бастап шағын бизнес субъектілері үш жылғы мерзімге тексеруден босатылатыны туралы хабарлады. Дегенмен кәсіпкерлер мүлдем бақылаусыз қалмайды.
«Мемлекет басшысы бизнестің тұтынушылары мен азаматтар алдында жауапкершілік сезінуіне ерекше назар аударды. Сондықтан бизнес өкілдері онлайн-БКМ, POS-терминалдарды міндетті қолдану бойынша заңды талаптарды орындауы тиіс. Мораторийдің іске асу мерзімі ішінде қоғамдық бақылау күшейеді», - делінген мемлекеттік кірістер комитетінің ресми хатында.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да кәсіпкер сатып алушымен болған кез келген ақшалай есеп айырысуды декларациялауға міндетті екенін айтады. «Kaspi.kz» мобильді қосымшасымен алынған төлемдер үшін де салық төлеуден қашу – заң бұзушылық екенін мойындайды.
«Жеке тұлғадан (клиент) жеке тұлғаға (сатушы) қаражаттың түсуін карталық аударымдар арқылы декларациялау» сұрағы нормативтік актілермен регламенттелген», – деп жауап берді кәсіпкерлер палатасының қоғаммен байланыс департаменті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта POS-терминал арқылы төлем қабылдағанда ішкі банктің ұстайтын комиссиясы 0,5-1%, сыртқы транзакция 1-3% аралығын құрайды. Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта мұндай комиссияның да мөлшері азаятынына сенімді.
«Бүгінгі таңда аталған мәселе бойынша мемлекеттік орган және Ұлттық банк бірлесіп жұмыс атқарып жатыр. Әрине, әсіресе шағын және орта бизнеске әр пайыз санаулы, сондықтан комиссияны азайту банк дамуына оң әсер етер еді. Екінші деңгейлі банктер нарығындағы бәсекелестіктің артуы мен мезетті төлемдер желісінің дамуын ескере отырып, жуық арада комиссияның деңгейі тағы төмендейді деп санаймыз», - дейді палата өкілдері.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан