$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.11.2019, 11:30
Экономика

«Мақта егуді қысқарту керек»: Шөкеев шаруалардың санасын өзгерту үшін семинар өткізбек

Қазақстанда бір ғана өңірде мақта өсіріледі, ол – Түркістан облысы 

«Мақта егуді қысқарту керек»: Шөкеев шаруалардың санасын өзгерту үшін семинар өткізбек
2018 жыл, мақта жинау сәті. Сол кездегі Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев пен Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев

Мақта бағасын министр емес, Ливерпуль биржасы белгілейді

Кейде әсірелеп мұнайды «қара алтын», мақтаны «ақ алтын» деп жатамыз. Бірақ қазіргі жағдайда мақтаны алтынға теңеу қисынсыз сияқты. Себебі, 1 келі мақтаның құны - бар болғаны 150 теңге. 2016 жылы мақта құны 170 теңгеге жеткенде оңтүстіктегі дихандар бөркін аспанға атып қуанған еді, алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады.

Жақында Түркістан облысындағы Ескі Иқан ауылының тұрғыны Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың жеке блогына «Мақта бағасы 150 теңгеге (1 келісі) дейін түсіп кетті, бұл қолдан жасалып отырған баға ма? Мемлекет тарапынан қандай көмек бар?» деген сауал жолдапты.

Бұл сауалға бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров жауап берген. Ол тауар түрлерінің бағасы нарық сұранысына сәйкес өзгеретінін, мемлекет тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттейтінін айтыпты. А.Сапаровтың айтуынша, мақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар тізіміне енбейді.

Бұл сұрақты жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке де жолдадық.

«Мақтаның бағасы Ливерпуль биржасындағы бағаға сай қалыптасады. Биыл мақтаның бағасы төмен. Жалпы, мақта өңдейтін зауыттар келісін 120 теңгеге бағалаған. Біз осыған араласып, 150 теңгеге дейін көтердік. Одан ары көтеруге еш мүмкіндігіміз жоқ. Бұл туралы талайдан бері айтып келе жатырмын, мақта егуді қысқарту керек. Өйткені, қазір мақта егу өте тиімсіз. Оның орнына басқа көкөністер егу керек. Қазір қайта-қайта семинар өткізіп, дихандарға үйретіп жатырмыз. Келер жылдан бастап бұл жағынан оң бетбұрыс болады деп ойлаймын», - деді облыс басшысы мақта бағасы туралы.

Мақтаның экспорттық бағасы екі есе қымбат

2018 жылы Қазақстанда 343,6 мың тонна шитті мақта жиналыпты, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 13,1 мың тоннаға аз. Биылғы жағдайға келетін болсақ, 28 қазанға дейінгі аралықта 267 мың тонна мақта өнімі жиналған. Ауыл шаруашылығы министрлігі берген бұл көрсеткіштің жыл соңына дейін айтарлықтай жақсара қоюы, алдыңғы жылдардағы нәтижені қайталауы екіталай. Өйткені, мақта бағасы дихандардың ала жаздай қылған еңбегін ақтамайды. Оған қоса, мақта өңдеушілерге қатысты әкімшілік кедергілердің жиынтығы енген «Мақта саласын дамыту туралы» заң қабылданғаннан кейін, отандық банктер де мақта өндірісін тәуекелді бизнес ретінде қарап, несиелендіруді тоқтатқан.

Өткен жылы Қазақстан Латвияға - 16,7 мың, Молдоваға - 13,9 мың, Қытайға – 9,9 мың, Ресейге – 2,6 мың, Беларусь еліне - 2,4 мың және Түркияға – 0,5 мың тонна мақта экспорттаған. 1 тонна таза мақтаның экспорттық бағасы 1,689 мың АҚШ долларын құраған.

2018 жылы елімізде 122,5 мың тонна мақта талшығы әзірленіп, оның 62 мың тоннасы (50,6 %)  ішкі нарықта қолданылған. «Азала текстил» және «Коттон Азала» ЖШС-лары мақта талшығынан көрпе, жіп, мата иіру үшін, ал «Хлопкопром целлюлоза» ЖШС-ы линт үшін тұтынған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде мақтадан жіп, мата, целлюлоза, мақта майы, малға азық болатын жармалар дайындалады екен.

Сала инвесторларға қызықсыз

Жоғарыда атап өткеніміздей, отандық банк елдегі мақта өндірісін несиелендіруді тоқтатқандықтан, өндіруші компаниялар тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (мақта сатып алатын трейдерлер) жұмыс істеуге көшті. Ал, трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісім шарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады. 2018 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 240,1 мың тонна мақтаны 185 теңгеден (1 кг) сатқан. Бұл шамамен 44,418 млрд теңге. Мақтаны шикізат күйінде алатындардың арасында қазақстандықтардың да аздаған үлесі бар. Ал, Қазақстанға мақта өсіруге мемлекет қандай қолдау білдіріп отыр дегенге келсек, мақта өсірумен айналысатын шаруалар базалық субсидия алуға (минералдық тыңайтқыш, гербицидтер, тұқым), инвестициялық субсидиялар алуға, несиелік ресурстар алуға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша қызмет көрсету құнын субсидиялау бағдарламасына, лизинг бағдарламасына қатысуға басқа дақылдар өсірушілерімен бірдей құқыққа ие.

Шөкеев шыр-пыр болғанмен, Шардарада мақта өңдеу зауыты ашылды

Бүгінде Қазақстанда 25 мыңнан астам фермер мақта өсірумен айналысады. Ал, мақта өндірумен айналысатын еліміздегі 17 зауытта 2 мыңдай адам жұмыс істейді.

Биыл Түркістан облысының Шардара ауданында жылына 47 мың тонна мақта талшығын өндіретін, құны 5,5 млрд теңгені құрайтын International company of Cotton (ICC) мақта өңдеу зауытын іске қосқалы отыр. Барлық өнім Қытайдың фабрикаларына экспортталады. «International company of Cotton» ЖШС директоры Мухитдин Абдулла «Курсивке» берген мәліметте «Мұндай көлемдегі кәсіпорын Орталық Азия аумағында жоқ» екенін айтқан.

«Зауыттағы құрылғылар АҚШ патентімен Қытайда жасалған. Мұндай тәжірибе мақтаны ең көп өндіретін АҚШ, Қытай, Үндістан елдерінде де бар. Біздің елдегі құрылғылардың бәрі ескірген, кеңестік кезеңнен келе жатқан дүниелер. Егер қазір жұмыс істеп тұрған зауыттар мақта өндірісінің 32%-ын құраса, біздің зауыт іске қосылғаннан кейін тағы 5 пайызға өседі», - дейді Мухитдин Абдулла.

International company of Cotton (ICC) жыл басында сынақ ретінде 1 мың тонна мақта өндірген.

«Зауыттың өндірістің циклі толықтай автоматтандырылған, ондағы заманауи құрылғылар электр энергиясын үш есеге дейін үнемдеуге септігін тигізеді. Қазір зауытты Шарадарадағы ГЭС арқылы электр жабдықтау желісіне қосуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс тиімділігін арттырады», - «TURKISTAN INVEST» фронт-офисінің директоры Медеу Ділдабаев.

Бұл зауыт 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жалақыдан, жеке табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, корпоративті табыс салығынан бюджетке жеке табыс және әлеуметтік салықтар түрінде шамамен 80-90 миллион теңге салық түсімдері болуы мүмкін.

Еске салайық, Қазақстанда бір ғана өңірде мақта өсіріледі, ол – Түркістан облысы (Мақтарал, Жетісай, Шардара, Ордабасы аудандары және Түркістан қаласы). Мақта өсіру бойынша Мақтарал және Жетісай аудандарының үлесі жоғары.

Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары