$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.11.2019, 12:14
Экономика

2020 жылы Қазақстан экономикасының дамуы біршама төмендейді

Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі соңғы есебін жария етті

2020 жылы Қазақстан экономикасының дамуы біршама төмендейді
Фото: ашық дерек көзінен

«Аймақтағы  экономиканың келешегі» деп аталатын құжатта 2019 жылы Қазақстанның ІЖӨ  3.9% тұрақтаған, ал 2020 жылы ол 3.6%-дан аспайды деп болжанып отыр.

«2019 жылы елде құрылыс және көлік секторы экономиканың бойына қан жүгірткен. Ал тау-кен, мұнай өндіру секторы экономикадағы өсімді бұрынғы деңгейге көтере алмаған. Себебі биыл мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы көтерілген жоқ»,- делінген банктің жылдық есебінде.

Биыл қазан айында жыл сайынғы тұтынушылық инфляция 5.5%-ға тұрақтады. Ал инвестициялық капитал алғашқы тоғыз айда 9.7% болған. Оған негізінен «Сарыарқа» газ құбырын салуға байланысты салынған инвестициялар әсер еткен.

Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің есебіне қарағанда, 2020 жылы әлемнің дамыған елдерінде экономика көрсеткіштері төмендейді. Ғаламдық экономикада еуроаймақ елдері мен Қытайдың дамуындағы тежеу, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қарым-қатынасындағы салқындық, сондай-ақ әлемдегі автомобиль өндірісінің кемуі өз әсерін тигізеді.  Түркия мен Ресейдің де экономикасында барлық салалар бойынша көрсеткіштер төмендеген.   

Кәрі құрлықтағы дамыған мемлекеттердің экономикасында 2007 жыл шарықтау кезеңі болып саналады. «Аймақтағы  экономиканың келешегі» атты құжатта 2019 жылы экономика өсімі- 2,4%,  2018 жылы - 3,4%, ал 2017 жылы- 3,8% болған. Болжамдарда 2020 жылы бұл көрсеткіш 2,9% пайыздан кем болмауы керек.  

«Аймақтағы экономиканың дамуына саяси өзгерістер кері әсері етуі мүмкін. Көп уақыттан бері талқыланып жатқан «Брексит» мәселесі бір жақты болмай, нақты болжамдар айту қиын. Ұлыбританияның ЕО-тан шығу жоспары теуекелді күшейте түседі»,- делінген есепте.   

Банктің есептік құжаттарында түрлі болжамдарға қарамастан Ресейде экономиканың өсімі 2020 жылы 1,7% -дан аспайды деп жазылады. Бұл елде  2019 жылы ол 1,1% болса, 2018 жылы 2,3% деңгейіне жеткен. Екі жыл бұрын Ресейде экономиканың ілгерілеуі жоғарғы көрсеткішке ие болған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

 

Серіктес жаңалықтары