$ 509.94  593.88  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық қордан тағы 350-450 млн доллар сатылады: себебі белгілі болды

Өткен айда Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізбеген

Ұлттық қордан тағы 350-450 млн доллар сатылады: себебі белгілі болды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

2026 жылғы қаңтар айында Ұлттық банк республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан шамамен 350-450 млн доллар сатады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық банк валюта нарығы туралы ақпарат жариялады. Оған сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін, яғни 3,7%-ға нығайды. Сауда-саттықтың жиынтық көлемі жылдық есеппен 15%-ға ұлғайып, 63 млрд долларды құрады.

Былтыр желтоқсан айында республикалық бюджетке трансферт бөлу және «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын салу үшін Ұлттық қордан 400 млн доллар сатылған. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 5%-ын немесе күніне шамамен 18 млн долларды құрады. Жалпы алғанда, 2025 жылы Ұлттық қордан 8,2 млрд доллар сатылған.

«Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттерді конвертациялау бойынша алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Ұлттық банк Ұлттық қордан 350 млн  доллардан 450 млн АҚШ долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді», - делінген хабарламада.

Ал 2025 жылы алтын-валюта резервтерінен сатылған валюта көлемі 7 млрд долларды құраған.

Сондай-ақ 2026 жылғы I тоқсанда шамамен 1,1 трлн теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр.

Ұлттық банк желтоқсан айында валюталық интервенция жүргізбегенін мәлімдеді. Сонымен қатар, желтоқсанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алмаған. Қаңтар айында да валюта сатып алу ісі жоспарланбайды, деп атап өтті ведомство.

Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында 315 млн доллар сатқан.

Алдағы уақытта теңге бағамы нарық қатысушыларының болжамдарына, салық төлемдеріне, әлемдік нарықтағы жағдайға және геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты болады, дейді Ұлттық банк.

Серіктес жаңалықтары