$ 509.94  593.88  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру – Тоқаев жаңа салық реформасы туралы

Президент үкіметтің әуел бастағы ұстанымы 20 пайызға тең еді дейді

Қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру – Тоқаев жаңа салық реформасы туралы
Фото: primeminister.kz

Бүгін «Turkistan» басылымына сұхбат берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ең көп талқыланған мәселе – салық реформасына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бұл мәселеге қатысты пікірін 2025 жылғы экономикалық жетістіктерден бастаған президент Қазақстан былтыр жалпы ішкі өнімді жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты дейді.

«Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек», - дейді Тоқаев.

Дей тұрғанмен президент өткен жылдың басты қорытындысы – реформаларға қарай жасалған бетбұрыс болды дейді.

«Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді. Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көреміз. Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім.  Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі. Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық», - дейді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары