Петропавлда Мағжан оқулары өтті
Сайысқа 5-11 сынып аралығындағы оқушылар қатысты

Петропавлда Мағжан оқулары өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған облыстық сайысқа 300 бала қатысты. Жеңімпаздарға 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мағжан оқулары бірнеше кезең болып өтті. Алғашқысына 300 бала қатысып, оның 72-сі ғана іріктеліп алынды. Қатысушылардың барлығына қойылған басты талап – ұйымдастырушылар тізімде көресткен 30 жырды жатқа айтып беру. Сахна төріне шыққан балалар қоржын ішінен 30 асықтың бірін таңдап, сонда жасырынған өлеңді жатқа айтты.
«Өлеңдерді жаттау оңай болған жоқ. Екі ай уақытымды жұмсадым. Анам көмектесті. Мағжан атамыздың өлеңдерін жаттау үшін, алдымен терең мағнасына үңілу керек. Автордың айтқан ойын ұққаннан кейін ғана, жыр жолдарын жаттайсың. Сахнаға шыққанда қобалжығаным рас», - дейді қатысушы Ақниет Душанбе.
Мағжан оқуларына 5-11 сынып аралығындағы оқушылар қатысты. Мұндай сайыс өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Балалардың өнерін жазушы, журналистер мен мұғалімдерден құралған қазылар алқасы бағалады.
«Біздің осы сайысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - Мағжанның өлмейтін өлеңдерін жастардың бойына сіңіру. Сол арқылы рухани бай адамдардың ортасын қалыптастыру. Жыр жаттаған балалар жаман болмайды. Енді олардың әрқайсысы Мағжан бабамыздың кем дегенде 30 өлеңін біледі. Бұл байқау келесі жылы да жалғасады. Бірақ шарты өзгеруі мүмкін. Оны уақыт көрсете жатар», - дейді облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім басшысы Жарқын Жұпархан.
Байқау соңында үздік деп танылған 15 бала ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылардың барлығына алғыс хаттар табыс етілді. Сәуір айында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай Петропавлда халықаралық айтыс өтпек.