«Көрісу ұғымы Наурыз мейрамымен бірдей»: Амал мерекесінің маңызы жайлы
14 наурыз – қазақстандықтар үшін Көрісу, яғни Амал мерекесі

Бұл күнді халқымыз өкпе-реніштен құтылып, қыстан аман-есен шыққан күн ретінде атап өтеді. Елдің батыс өңірінде амал мерекесі ертеден мерекеленіп келеді. Төс қағыстырар сәтте «Бір жасыңмен!» деген жұрт мәре-сәре болады. Azattyq Ruhy тілшісі бұл мейрамның тарихи маңызы туралы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметтен сұрап білді.
Тарихшылардың мәліметінше, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізеді. Алайда екі күнтізбе айырмашылығы 13 күн болып қалғандықтан 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса 1 наурыз 14 наурызға тап келеді. Ол – жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған.
Аққали Ахметтің пікірінше, Көрісу күні соңғы жылдары жалпыхалықтық мерекеге айналып барады.
Фото: asu.edu.kz
«Бұл – дұрыс үрдіс. Маңғыстау өңірінде Амал мерекесі деп айтылса, Атырауда Көрісу деп аталып жүр. Тарихи тұрғыдан келгенде бұл халықтың ғасырлардан бері сақталып қалған дәстүрі. Себебі сол кезден бастап 14 наурыз ескіше жылдың басы болып есептелген. Сондықтан оны «Жыл басы» деп есептейді. Атырау аймағында Көрісу күні 14 наурызда басталады. Мұны Қазақстан бойынша мереке деп атауға келмейді. Қазақстанның батыс өңірлерінен басқа аймақтарда Көрісу күні туралы көп айтылып, жазылмайды. «Бұл мереке тұтастыққа тән бе?» деген сұраққа келетін болсақ, бұл – Наурыз мейрамымен ұштасып жатқан мерекенің бірі. Ол тұтастыққа тән болуы тиісті. Себебі 22 наурызды біз Ұлыстың ұлы күні деп бастаймыз, ал 14-інен басталған Көрісуді батыстың қазақтары Наурыз меркесімен ұштастырады», - деді тарихшы.
Оның айтуынша, батыста Көрісу күні қыстан аман-есен шыққанын білдіріп, өздерінің ағайын-туғандарына, үлкендеріне, қарттарына барып, көрісіп амандықтарын сұрасады.
«Себебі «үлкен» үйдегілер 14 наурызда Көрісу күні бала-шаға, көрші-қолаң, ауыл-аймақ келіп көрісетінін біліп отырады. Біздің әлі есімізде, 70 жылдардың өзінде ата-әжелелеріміз үлкен қазанға ас салып, екінші қазанға бауырсақ пісіріп, самаурынға шай қойып, көрші ауылдың ақсақалдарын күтетін. Біз сол кезеңді еске аламыз. Себебі Көрісу ұғымы Наурыз мерекесімен бірдей болып қалды. Өздеріңіз білетіндей, дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы болып саналған. Ал халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін қасиетті де киелі саналған. Сол үшін ата дәстүрімізде Наурызды біз жыл басы деп есептейміз. Ал батыс өңірлерінде 14 наурыздан бастап Көрісу басталады. Сол себепті де Наурыз мерекесі осы Көрісумен ерекше болып тұрады. Бұл – біз сияқты бастыстықтар үшін санаға сіңіп қалған дүние», - дейді тарихшы.
Маман Көрісу мерекесін ертеде халық қалай мерекелегенін айтып берді.
Фото: Tengrinews.kz
«Бұл күні халық киіз үй тігіп, думан құрмағанымен әр ауыл, әр шаңырақ өздерінің шамасына қарай той тойлап, ұлы күн келді деп атап өткенін білеміз. Бұл күні адамдар бір-біріне Көрісуге барып, ескі жылдан аман шыққанына шүкіршілік қылып, жылы-жұмсағын алға тосып, қыстан қалған соғымның сыбағасын табыстайды. Бұл мерекеде де көже, уыз берілетіні есімізде. Қазақ даласында уыз берекенің көзі болып есептеледі. Наурыз, Көрісу болсын молшылықтың, қазақтың қонақжайлығын көрсетеді. Мейрамдар үйден дәм таттыру, келген қонағын сыйлап, төрге шығарудан басталатыны белгілі. Қарттарға жастар жағы барып, аман-саулығын біледі. Бұл алыстағы ата-анасын, бауырын, туған-туысын іздеп баратын мерекенің бірі. Бұл мейрамды жоққа шығаруға болмайды. Мерекеге Кеңес үкіметі тарапынан қысым жасалып, тоқтатылғаны да рас. Кеңес үкіметі қанша қысастық жасаса да, ауылдық жерде үлкендер Көрісу мен Наурыз мерекелерін тойламағанымен, оның келгенін білдіріп, үйдің ішін сыртқа шығарып, жинайтын еді», - дейді тарихшы.
Ғалым Аққали Ахмет атағандай, кеңестік кезеңде бұл мереке осының арқасында түбегейлі жойылып кетпеген.
«Ол неге жойылмады деген сұрақ туындайды? Біздің ата-әжелеріміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан дәстүрді сақтап қала білді. Көрісу күнінің негізгі құндылықтарының бірі – адамдардың өзара қайырымдылығы. Өкпе-ренішін ұмытып, ізгілік таныту. Ең бастысы адамдардың бір-біріне деген риясыз көңілі, ағайын мен бауырға деген жақындығы, ізгілік айы. Жылдар бойы ренжісіп қалған ағайындар осы күні табысып жатады. Бұл ізгілік дәріптейтін қазақтың дәстүріне сай келеді. Ал Наурызды тіршіліктің жаңаруы дейді», - деді ол.
Тарихшының айтуынша, Көрісу күні ізгі тілектер мен бата да беріледі.
Фото: time.kz
«Бұл халықтың бір-біріне деген жақсы ниеті мен ықыласынан туындаған мереке деп те айтуға болады. Көрісу күнін аста-төк ешкім тойламады. Бірақ әр үйде дастархан басында домбырамен ән айтылғаны, қыз-келіншектердің көңілді отырғаны есімізде. Ақсақалдар жағы жас жігіттерге жырларды, толғауларды айтқызғандарын естідік. Біз өзіміз Көздіқара деген шағын ауылда тұрдық. Біздің көршіміз атақты Қаршыға Ахмедияровтың әкесі Ахмедияр ақсақал болды. Ахмедияр қарт Көрісуге біздің үйге жұбайымен келген кезде әжем құрақ ұшып қарсы алатын еді. Ауыл-аймақтың барлығы біздің үйде жиналған кезде Ахмедияр қарттың домбыра тартатынына куә болдық. Бұл бір шағын ауылдың төңірегіндегі ғана мереке. Ал қазіргідей киіз тігіп, концерт қойып, думандатқан тойды көрген жоқпыз», - деді ол.
Тарих ғылымдарының докторы өз сөзінде заман өзгерген сайын әр мерекенің өз маңыздылығына сәйкес сценарийі жазылып, мерекеленіп жатқанын тілге тиек етіп өтті.
«Көрісу мерекесі қалай болды, солай қалыптастырдық. Наурыздың 14-інен бастап дастархан жайылып, ет асылып, өткен-кеткендерді еске аламыз. Әр қазақтың үйінде өзінің мерекелік дастарханында осылай тойланса, ұрпағы да үлгі алады. Ал Наурыз мерекесінде алаңға киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерт болып жатса, ол құба-құп. Ұлттық ойындар, наурыз көже ішіледі. Көрісу 14 наурыз басталғанымен қол қалт еткенде алыстағы ауылға барып зиярат етеміз. Барша қазақстандықты Көрісу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тыныш болсын!» - деп түйіндеді ол.