Жезқазғанда «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінің премьерасы өтті
Спектакльді жазушы-драматург Иранбек Оразбаев жазған
Таяуда С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында жазушы-драматург Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінің премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы-режиссері Теміржан Жанботаев, қоюшы суретшісі Қуат Дүйсенбек, музыкамен көркемдеген Дәулет Омашев. Спектакль премьерасына автор Иран-Ғайып арнайы келіп қатысты.
Спектакльде үнемі ізденіс үстінде жүретін режиссер Теміржан Досжанұлының азға көп мағына сыйғызатын өзіне тән қолтаңбасы, режиссер ретіндегі «мендігі» анық байқалады. Ол тек актерлердің шебер ойыны ғана емес, режиссерлік шешім, спектакль декорациясы, Абайдың «»музыкасы мен жарықтың бір-бірімен жымдаса әрленуінен де айқын көрініс тапқан.
Режиссер спектакльде кейіпкерлер бейнесінің жан-жақты ашылуына сай лайықты актерлерді іріктей білген. Ұлы ақынның өмірінің екі кезеңі суреттелетін спектакльде жамандыққа жаны қас, қызу қанды жас Абайдың характерінің даму барысын көркем жеткізуді көздеп, сол жолда іздене білген актер Нұржан Бейісбековтің талпынысы қуантса, тағдырдың пешенесіне жазған қуанышы мен қайғысын қатар көріп, өмір атты өзеннен су емес, у ішіп, жараланған жанына дауа іздеген қасіретті Абай бейнесі тәжірибелі актер, ҚР еңбек сіңірген артисі Серік Бұлғақбаев сомдауында тартымды шыққан. Өз билігіне көңіле тоқ Құнанбай (Мәдениет қайраткері Бақытжан Ибраев), қара басының қамын күйттеген Оразбай (Мәдениет қайраткері Ерке Бәйдешев), жамандық жасаудан жаны қарайған Күнту (Ардақ Жарқынбеков), бала мен әке арасын бітістірмек болған Нұрғаным (Мәдениет саласының үздігі Мируана Жанботаева), Абайдың жан азабын жеңілдеуге тырысқан жүрегі нәзік, жаны таза Әйгерім (Тоғжан Нұртаза), махаббаттары үшін күрескен Олжабай мен Хадиша (Еркебұлан Жанатов, Қанағат Бейсенбай), жақынына жанашыр Ақылбай (Руслан Абдуллаев) бейнелері заман шындығын, дәуір тынысын көз алдыңа келтіреді.
«Бұл осыдан қырық жыл бұрын жазылған шығарма. Абайдың 150 жылдығында Мәскеуге барған. Еліміздің көптеген театрларында қойылған.Бірақ Серке театры қойған бүгінгі спектакль мені ерекше толқытты. Сахнадан талай Құнанбайды көрдім, барлығы оны қатігез жан ретін бейнелейді. Құнанбайдың да жүрегі бар, баласына жаны ашиды. Мен бүгін Б.Ибраевтың сомдауында сондай бейнені көрдім. Қазақ театр өнерін алға апаратын осы Теміржандар, шаңыраққа көп мағына сыйғыздың. Қазақтың шаңырағын биікке көтеретін мына сіздер. Көп рахмет сіздерге!», - деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы-драматург Иран-Ғайып.