Шай, орамал, шаштараз – әншілер таңдаған бизнес
Қазақстандық эстрада әншілері еліміздегі ең табысты жандардың қатарына жатады

Өнер жұлдыздары концерт, клип және телевизиялық жобалардан бөлек той арқылы қомақты қаржы табады. Соңғы жылдары әншілер шоу-бизнестен бөлек сауда, жеңіл өнеркәсіп, мейрамхана және тағы басқа кәсіп түрлерінде де өздерін сынап көре бастады. «Azattyq Ruhy» назарларыңызға сәтті бизнес жүргізетін әртістердің тізімін ұсынады.
Қыдырәлінің «қазақы» шұлықтары
Қазақ әншілері арасында кәсіпкерлік қырымен алғаш танылған – Қыдырәлі Болманов.
2009 жылы ол Астанада «Қарақат» мектеп студиясын ашты. Қарақат Әбілдина атындағы өнер орталығы вокал, аспаптарда ойнау, музыка теориясы бағыттары бойынша шәкірт тәрбиелейді. Қазір «Қарақат» мектептері Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында да жұмыс істейді. Мектептің басшылық жұмыстарымен продюсердің жұбайы Қарақат Әбілдина айналысады.
2010 жылы Қ.Болманов «Бал бала» брендімен қазақы нақыштағы қуыршақ дүкендер желісін іске қосты. Қазақ ертегілерінің Алдар Көсе, Тазша бала, Ер Төстік сияқты кейіпкерлерінен бөлек ол өзінің жұбайы Қарақат Әбілдинаның пробразымен «Қарақат» атты қуыршақ та шығарды. Ойыншықтардың бағасы қарапайым тұтынушы үшін қымбат болғандықтан, ел арасында үлкен сұранысқа ие бола алмады. «Бал бала» қуыршақтарының құны 5000 теңгеден басталады.
2017 жылдан бері «Бал бала» брендімен қуыршақтан бөлек қазақы оюлармен безендірілген шұлықтар да шығады. Тігін фабрикасы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.
Жорабаеваның жиһазы
Белгілі әнші Алтындай Жорабаеваның елордада жиһаз дүкендері бар. Олар қаладағы «Тұлпар» және «Астаналық» сауда орындарында орналасқан. «Алтынай» дүкенінің ресми сайтындағы мәліметтерге сенсек, жиһаз сырттан әкелінбейді, арнайы тапсырыспен қалада құрастырылады. Дүкен былтыр ақпан айында ашылғанымен, қазір ассортименттерін едәуір көбейтіп үлгерген.
Сондай-ақ Жорабаеваның Алматы қаласында жеке сән салоны да бар.
Айтпақшы, Алтынай Жорабаеваның туған інісі Талғат Жорабаевтың әйелі де жақында өз бизнесін ашты. Оның қазір Алматыда қыздарға арналған жабық киімдер, хиджаб сататын «Da Medina» атты дүкені жұмыс істейді. Айта кетейік, Алтынайдың келіні хиджабты тек сатып қана қоймай, өзі де тастамай киеді. Тіпті, профиліне ол «Жорабаев хотуны» деп те жазып қойған.
«Ұлы даланың иісі»
Әнші Төреғали Төреәлі де «Toresh» брендімен бірнеше өнім шығарып үлгерді. Сәуір айында «Toresh» атты иіссудың тұсауы кесілді. Иіссу - 2004 жылы құрылған Түркияның David Walker парфюм брендінің өнімі ретінде нарыққа шығарылады. Бағасы 25 мың теңге тұратын иіссу «Ұлы даланың иісі» деген жарнамалық ұранмен насихатталып жатыр.
Осы жылдың шілде айында «Toresh» атымен түйіршіктелген кениялық шай сатылымға шыға бастады. «Шайдың төресі» деп таныстырылған өнімнің 250 грамдық бір қорабы қазір Алматы, Атырау, Орал, Шымкент қалаларында 700 теңгеден сатылуда. Төреғали Төреәлі жақында шайдың «Sok Shai» деген салқындатылған түрі шығатынын да хабарлады.
Осыған дейін Димаш Құдайбергеннің атымен де кениялық шай сатылымға шыққан болатын. Жаңа бренд қазақстандық Dida Capital Partners компаниясымен бірге жүзеге асырылған.
Шай мен иіссудан бөлек «Toresh» брендімен қазір онлайн-дүкендер арқылы футболкалар да сатылады. Олардың орташа бағасы – 5000-6000 теңге.
Forbes Kazakhstan басылымының 2019 жылғы «Қазақстандық шоу-бизнес пен спор жұлдыздары» рейтингінің ТОП-20 тізімінде Төреғали Төреғали 9-орынға шықты. Журнал оның Төреәлі Алиханов продюсерлік еткен «Ұлы Дала комедиясы» атты фильмнен 184 млн теңге тапқанын жазған.
«KN» киімдер цехы
Қайрат Нұртас қазақ эстрадасындағы ең табысты әншілерінің бірі. Forbes Kazakhstan әзірлеген «Қазақстандық шоу-бизнес пен спор жұлдыздары» рейтингінде төртінші орында тұр. Әншілігі мен кино саласын есептемегенде, ол бизнеспен де белсенді айналысады. 2013 жылы продюсері, анасы Гүлзира Айдарбекованың бастамасымен «KN» атты жеке киімдер желісін ашты. Әншінің фирмалық дүкендері ерлер мен әйелдерге арналған киімдер, аяқ киім және сөмке сатады. «KN» киімдер цехы бастапқыда Түркияда болған. Кейін Алматы қаласына ауыстырылды. 2013 жылы Қайрат Нұртас өз атымен журнал да басып шығара бастады.
Мемлекеттік кірістер комитеті 2018 жылы «Қайрат Нұртас production» ЖШС-ның 39 млн теңге тапқанын көрсеткен. Бұл оның тек есепке алынған табысы ғана. Айтпақшы, қазір әнші Instagram жазылушыларының саны бойынша Қазақстандағы №1 адам. Оның парақшасын 4,4 млн адам оқиды.
Тәуекелдің табысының 30 пайызы инстаграмнан
Қазақстандық аудиторияға Тәуекел Мүсілім киноактер, әнші әрі тележүргізуші ретінде белгілі. 2018 жылдың қараша айында ол ерлерге арналған сұлулық салонын ашты. Kapital.kz басылымына берген сұхбатында Алматы қаласындағы барбершоп үшін 8 млн теңге инвестиция салғанын айтқан.
«Қазақстанда тек актер болып ақша табу қиын. Сұлулық салоны – менің болашақ үшін жасап жатқан жобам» деген. Себебі, Қазақстанда актерлерге ақша өте аз төленетін көрінеді. Мысалы, Т.Мүсілім бір түсірілім күні үшін 15 мың мен 50 мың теңге аралығында гонорар алады. Егер фильм түсірілімі бір айға созылса, айлық табыс – 200-500 мың теңге. Ал 1,8 млн оқырманы бар Instagram парақшасындағы жарнамалары үшін 1-1,5 млн теңге көлемінде табыс табады екен. Өз сөзіне сенсек, қазір Т.Мүсілімнің табысының 30%-ы инстаграмнан, 60%-ы кино мен жарнамадан, 10%-ы барбершоптан түседі. «Barber by Tauekel» салонында шаш қидырудың бағасы 5000 теңгеден басталады.
«Мен сыйға тартқан орамал»
Әнші Роза Әлқожаны айтқанда, елдің есіне бірінші орамал келеді. Себебі, әнші 2000 жылдардың басында «Мен сыйға тартқан орамал» атты әнімен халыққа танылды. 2015 жылы сәтті шыққан әнінің атауын пайдаланып, қыз-келіншектерге арналған орамалдар дүкенін ашты. Қазір еліміздегі 20-ға жуық дүкенде «Alkozha» брендімен 90-нан астам жаулық түрлерін сатылады. Отбасылық бизнесті тікелей өзі емес, жұбайы мен бауырлары басқарады.
Р.Әлқожа әншіліктен тапқан табысы тек шығармашылығын шыңдауға кететінімен, басқа қажеттіліктерге жете бермейтінімен түсіндірген еді. Сол себепті орамал сатып, бизнеспен айналысуға бел буған. Ол салыстырмалы түрде қазақ эстрадасындағы гонорары аз әншілердің бірі. Мерекелік шараларда, тойларда өнер көрсеткені үшін 2-3 мың доллар алады.
«Шай ішіп кетсең қайтеді...»
Халық арасында кең тараған әндерінің атауын бизнес-бренд үшін пайдаланған Роза Әлқожа ғана емес. «Шай ішіп кетсең қайтеді, мен ұсынған кеседен» деп ән салатын Тамара Асар самаурын сатумен айналысады. Ерекшелігі сол, ол кәдімгі металл самаурындардың сыртын түрлі өрнектермен, әшекейлермен өз қолымен безендіреді.
Әнші өзінің жеке хоббиін 2017 жылдан бастап бизнеске айналдырып, оюлы самаурындарды нарыққа шығарды. Самаурындар көбіне жеке тапсырыспен, эксклюзивті данада сатылады. Көлемі 3 лиртлық бір самаурынның бағасы – 150 мың теңге, шәйнегімен бірге 170 мың теңге. Ал фарфордан жасалған 6 литрлңк үлкен самаурынның құны 400 мың теңге. Коллекциялар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының жекелеген ыдыс-аяқ, кәдесый дүкендеріне орналастырылған. Айтпақшы, Тамара Асар 2017 жылы «Самаурыным қайнасын» деген де ән шығарды.
Мейрамхана ашқан әртістер
2017 жылы әнші, тележүргізуші Луина Алматыда «Nova Cafе» атты кафе ашты. 70 адамға арналған орында арнайы банкеттер, іс-шаралар ұйымдастыруға болады. Мейрамхана бизнесін әнші продюсері Жомарт Сүлейменовпен бірге бастаған. Алматыда олардың «Aura Bar & Karaoke» атты караоке-клубтары бар. Аталған жерге әншілер мен әртістер жиі жиналады.
Ресторан бизнесімен «Super Star Kz» музыкалық байқауының 2004 жылғы жеңімпазы Алмас Кішкенбаев та айналысып көрді. 2016 жылы ол Елорданың сол жағалауынан «Calendar» деген мейрамхана ашты. Алғашқыда Алмас Кішкенбаев мейрамхананы көп жарнамалайтын. Бірақ бір жылдай уақыттан кейін кәсібін сатып жіберді. Қазір әнші тек концерттерде, тойларда өнер көрсетеді.
Мейрамхана кәсібін сәтті жүргізген әнші деп Ерлан Көкеевті айтсақ болады. Ол 2007 жылы Алматыда ретро музыкаға негізделген караоке-бар ашқан. Кейін ғимаратты жалдау келісімшартында қиындықтар туып, караоке Астанаға ауыстырылды. Мейрамхана сахнасында Көкеевтің өзі мен «К-7» тобы өнер көрсетеді. Қазір продюсер әрі кәсіпкер жоғарыда аталған екі қалада тағы төрт мейрамхана ашу жоспарымен жүр. «Kapital.kz» басылымына берген сұхбатында «Олар түрлі форматтағы ресторандар болады. Рестобар, сыра мейрамханасы, банкет залы немесе паб та ашылуы мүмкін. Біреуі дайын, жүріп тұрған бизнес. Тек атын ауыстырып, ребрендинг жасаймын. Ал қалғанын нөлден бастаймыз», - деді әнші.
P.S. Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Burger кафе, мейрамхана ашуға құмар вайнерлер туралы да дерек көп.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан