Опера және балет театрының басшысы өз қызметкерімен соттасып, жеңіліп қалды
Осы жағдайдан кейін ұжым екіге бөлінген
Абай атындағы опера және балет театрының басшысы хор жетекшісімен соттасып, жеңіліп қалды. Жұмыстан заңсыз шығарылған бас хормейстр Әлия Темірбековаға енді театрдың басшыларынан 1 миллион теңге еңбекақы мен 200 мың теңге моральдық өтемақы өндіріп алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ал, театрдың әртістері соңғы бір жылдан бері ұжымнан береке кетіп, алауыздықтың тоқтамай тұрғанын айтады. Балет театрында 25 жыл тапжылмай жұмыс істеген бас хормейстер Әлия Темірбекованы басшылық шілде айында «жұма күні үш сағат жұмыста болмады» деген желеумен жұмыстан қуған екен.
«Мен Абай атындағы опера және балет театрына 18 жасымда келіп, 25 жыл үзіліссіз жұмыс істедім. Басшылық менің құқымды бұзды. Қудалау 2018 жылы басталды. Театрдың бұрынғы директоры Асқар Бөрібаев ұжымға 16 желтоқсан мерекесі мен Жаңа жылда берілетін екі сыйақыны заңсыз кесіп тастады. Осы кезде біз тағы сотқа жүгініп, олардың заңсыз әрекетке барғанын айттық. Сотта жеңіп шықтық. Міне, сол кезден бастап менен түрлі сылтаулармен түсініктеме талап ете бастады. Өзгелер арқылы үстімнен арыз түсірді. Ақыры еңбек кітапшама мөр басып, бұйрықпен жұмыстан шығарды», - дейді театрдың бас хормейстері Әлия Темірбекова.
Темірбекова соттан тек жұмысқа қайтаруды ғана емес, бос қалған кездегі еңбекақысы мен моральдық өтемақы да талап еткен еді. Бірден үш адвокат жалдап соттасқан хормейстер ақыры театрдың басшысын жеңіп шықты.
Әлия Темірбекова
Осылайша, Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 соты Опера және балет театрының басшылығын жұмыстан заңсыз қуылған Әлия Темірбекованы бұрынғы қызметіне қайта тағайындауға, оның осы күнге дейін алмаған 1 млн теңгеден астам жалақысын және 200 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы беруге міндеттеді.
Сот процесі
Бұрынғы басшыларын жақтап сотқа сабылып жүрген хор әншілері театрдағы ахуалдың әлі де қиын екенін айтады. Жетпістен астам артист былтыр Елбасына жалақының өте темен екенін және директор Асқар Бөрібаевты орнынан алу туралы шағым жазған. Мұнан кейін ұжымда жалақы көтерлімесе де, директор ауысып, басшылыққа Ая Қалиева келген. Алайда, артистердің айтуынша, жаңдай одан кейін де оңалмапты.
«Бұрын біздің шығармашылық ұжымның көңіл-күйі жақсы, барлық концерттерді сапалы өткізуші еді. Өкінішке қарай, заңсыз әрекеттерден соң ұжымда алауыздық туды. Бірі бұрынғыны, екіншісі жаңа жетекшіні жақтайды. Бұл басшылықтың кемшілігі. Ұжымның 90% мұндай жағдайдың туындағанына наразы. Қазір біз шындықтың жеңетініне көз жеткіздік. Ұжымның шығармашылық деңгейі төмен түсіп кетті. Енді бәрі орына келеді деп ойлаймыз», – деді Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының хор әншісі Қанат Матанов.
Бас хормейстрге қарсы тарап болса сот шешіміне наразы.
«Театрдағы ахуал өте нашар. Ұжым екіге бөлінген. Жұмыс істеуге мүмкіндік болмай жатыр. Темірбековаға қарсы шығып сотқа келдік. Өзіміздің театр, ұжым үшін жүрміз. 21 жыл жұмыс істедім. Қанша басшы ауысса да мұндай сұмдықты бұрын көрмедік», - дейді театрдың тағы бір артисі Шынтас Шайжанов
Хор ұжымы
50 мың мен 120 мың теңге (20 жылдан артық тәжірибесі бар) аралығында жалақы алатын театрдың артистері қазір екі жаққа бөлініп, өзара айтысуға көшкен.
Сонымен қатар артистер қойылым кездерінде кешкі уақыттарда да қалып, дайындалады. Бірақ, ол үшін қосымша ақы төленбейді екен. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тек 2020 жылдан бастап қана театр артистерінің еңбекақысын 40%-ға көтеруге уәде берген.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.